“Жауап іздеу үшін киелі мекендерге барамын”: Танымал актриса Тибетке аттанатынын айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында бұл сапарды бірнеше жылдан бері армандап жүргенін және оған екі ай бойы дайындалғанын жеткізді.

"Мен Тибетке кетіп бара жатырмын. Бірнеше жылдық арманым, екі айлық дайындығым… Ертең, міне, ақыры сол жерге табан тіреймін деп тұрмын.

Жылына бір рет рухани сапарға шығуды әдетке айналдырғанмын. Жағажайда жатып күнге қыздырыну үшін де, бес жұлдызды қонақүйде демалу үшін де емес. Жауап іздеу үшін киелі мекендерге барамын. Өйткені, өкінішке қарай, мені мазалайтын сұрақтар өте көп…

Бейтаныс адамдармен бірге шынайы, қызықты әрі күтпеген оқиғаларға толы саяхатқа аттанамын. Жанымда туған-туысым да, жақындарым да, тіпті жолдасым да болмайды. Тек мен, арқамдағы рюкзагым және алда жатқан жол.

Қазір өмірімнің өте бір ерекше кезеңін бастан кешіріп жүрмін. Ішімде бір тарлық бар. Өз қаламда, өз ісімде, мамандығымда, адамдармен қарым-қатынаста… Мұны қарапайым сөзбен түсіндіру өте қиын. Таудағы бұл сапардың дәл қазір бұйырғанына шын жүректен ризамын. Өйткені дәл осы сәтте маған аялдап, бәрін қайта саралап, табиғаттың қойнауына сіңіп, өз-өзіммен қайта қауышу ауадай қажет.

Алдымнан не күтіп тұрғанын білмеймін. Бірақ мен сені асыға күтемін, Кайлас", – деп жазды актриса.

Желі қолданушылары актрисаның жазбасына түрлі пікір қалдырды. Бірі оның бұл шешімін қолдап, сәтті сапар мен амандық тілесе, енді бірі сынға алды.

"Ақ жол, аман барып сау қайт. Сұрақтарыңа жауап табуыңа тілектеспін", "Осы актриса қияли, не керегі бар сонау Тибетке барып", "Қайда жүрсең де аман бол, бірақ жалғыз бару қауіпті. Күйеуің қалай жіберіп отыр", "Керемет, менің де арманым Тибетті бір көру, сізге қызығып отырымын", - деп жазды олар.