Жаз мезгілінің соңында елордадан «Ұлы Жібек жолы 1000 жылдан соң» атты ұранмен көлік керуені сапарға шығады

Жоба аясында 46 адамнан тұратын саяхатшылар командасы Ұлы Жібек жолының бойымен 14 мың шақырым аймақты жүріп өтпек.

Ауыр жүк көліктері мен жолсыз аймақтарға арналған және өзге де техникадан құрылған жалпы саны 11 көлік көлік керуенінің ұзындығы 170 метрді құрайды. Саяхатшылар ел ордасы Астанадан шығып, Рим қаласына барып тоқтайды деп күтілуде.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, автокеруен әлемнің16 елін басып өтеді. Осы экспедиция жұмыстарының аясында ұйымдастырушылар комитеті Еуропа қалаларының астаналарындағы орталық көшелердің бойында көліктермен қатар ежелгі көлік түрлерінің бірі, яғни түйелерден тұратын керуеннің театрландырылған көрінісін көрсетеді. Мұның барлығы арнайы бейнекамераға түсіріліп, елге келген соң одан деректі фильм дайындалады. Фильм 52 сериядан тұратын болады және ол Қазақстан тұрғындарына «Хабар» телеарнасы арқылы көрсетіледі. «Бүгінде әлемде Қазақстанды білмейтін мемлекеттер де бар. Сондықтан бұл еліміздің әлем алдындағы бет-бейнесін танытатын имидждік жоба десе болады. Саяхатшылар жол үстінде 2,5 ай жүреді және бұл сапар олар үшін өте қызықты болады деген ойдамыз», деді «Has Sanat» мәдениетті дамыту ұлттық қорының президенті Жанна Еңсебаева.

Жоба Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер, Білім және ғылым, Мәдениет, Туризм және спорт министрліктері мен ТМД-дағы мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен қолға алынып отыр.