Жазира Жаппарқұлға өлең арнала бастады

Рио-де-Жанейродағы Олимпиадада ауыр атлетикадан күміс иеленген Жәзира Жаппарқұлға алғашқы өлең арналды. Ол өлең Jasqazaq.kz порталына жарияланып отыр.

К ү м і с   С Ы Р Ғ А

Бүгінгі түн керемет нұрланғандай,

жасырынып жүрекке жыр қалғандай.

Жазиражан, Жазира, Жазира қыз,

ай астында жарқ еткен сырғаң қандай?!

 

Қазағыңа жымиып жүріс қылған,

алтынды да менсінбей ығыстырған,

қиық айға керемет ұқсайды екен,

құлағыңда тербелген күміс сырғаң.

 

Оң қолыңда шәйіңнің шыныаяғы,


оны ұстаған қолың да тым аялы.

Көлеңкесін күмістің сағалаған,

бриллианттар «жұмыссыз» мұңаяды.

 

Махаббатқа болмайды мұң жиюға,

алтын кетті алқаптан гүл жиюға.

Қола медаль жүр әне, кезек күтіп,

күмісіңнің қолына су құюға.

 

Елден ерек білдіріп ептілігін,

күміс күлкің сыңғырлап жетті, күнім.

Бас айналып барады, бас айналып,

бүкіл дүние күміс боп кетті бүгін..!

Марат Маманбай