Жеке төлем ұйымдары үшін Ұлттық банкте есептік тіркеу енгізіледі

Тұтастай алғанда заң жобасы халықаралық стандарттарды ескере отырып, төлем жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі, төлем қызметтері нарығын реттеу бойынша құқықтық ережелерді бекітуді қарастырады. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, төлемдер мен ақша аударымдары саласындағы нормаларды жетілдіру қамтамасыз етілмек. Атап айтқанда, Ұлттық банк осы бағытта арнайы заңдар қабылдаған Еуропалық Одақ елдерінің, Сингапурдың, Англияның және тағы басқа елдердің тәжірибелерін ескерген. Бұдан бөлек, Ұлттық банк төлем жүйелері саласындағы есеп-айырысу бойынша халықаралық стандарттарына, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық валюта қоры сарапшыларының 2014 жылы жүргізген Қазақстанның төлем жүйелерін бағалау бойынша ұсынымдарына назар аударған. 

«Қазіргі уақытта еліміздің қаржы нарығында әртүрлі төлем жүйелері мен ұйымдары құқықтық реттеуден тыс жұмыс істеп отырғаны белгілі. Қазақстанда ұлттық, шетелдік төлем жүйелері қызмет етіп жатыр. Ал олардың қызметінің жүзеге асырылу тәртібін айқындайтын заңнамалық нормалар жоқ. Снымен қатар, қолданыстағы заңнамада жұмыс істеп тұрған банктік емес төлем ұйымдарының халықтан төлемдерді қабылдауында да олқылықтар баршылық», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов.

Оның айтуынша, аталған ұйымдардың мәртебесін айқындап, олардың төлем қызметтерінің тәртібін белгілеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі заң жобасын әзірлеу үшін негіз болып отыр.


Жалпы заң жобасы төлем жүйелерінің жұмысын регламенттеп, бұл ретте төлем операторларының құқықтық мәртебесі белгіленеді. Бұндай қызметті ұйымдастыру мен олардың жұмыс тәртібі бекітіледі. «Сонымен қатар, төлем қызметтерінің нарығын реттеу көзделген.  Бұған орай, төлем қызметтерін жеткізішулер санаты, олар көрсететін төлем қызметтерінің түрлері айқындалады. Осыған байланысты жеке төлем ұйымдарының Ұлттық банктегі есептік тіркеуі енгізіледі. Тұтастай алғанда заң жобасы арқылы екінші деңгейлі банктердің төлем агенттері желісін пайдалану есебінен банктік қызметтердің қолжетімділігі қамтамасыз етілмек», - дейді ҰБ өкілі.