Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді.
«Үкімет алдына Елбасы жүктеген маңызды тапсырмалардың бірі осы - жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асыру. Бұл ретте бірқатар аса маңызды аспектілер бар. Жекешелендіру аясы тар мақсат емес, өйткені, мемлекеттік меншікте тұрып-ақ табысты қызмет дамып жатқан елдер де бар, сосын түгелдей жекеменшікке өткізген, бірақ дамуы соншалықты мақтанарлық емес мемелкеттер де бар. Сондықтан да жекешелендіру құр әшейін жекешелендіру үшін емес, экономикалық қызметтің тиімділігін арттыру үшін жасалуы керек», - деді К. Мәсімов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы қазіргі әлемдік экономикада жекешелендіруге қатысты көптеген қайшы пікірлер бар екенін де атап өтті. Мәселен, экономист сарапшылар меншік түрі маңызды емес, маңыздысы басқару жүйесі екенін айтып жатыр.
«Менің пайымымша, жекешелендірудің бүгінгі толқыны шаруашылық қызметті басқаруды тиімді ете түсуі керек. Біз бұл бағытта тәжірибе жинақтап жатырмыз. Ай сайын жекешелендірудің барысын Үкіметте талқылаудамыз. Қаржы министрі апта сайын селектрлық кеңес өткізіп, мемлекеттік органдар арасында жұмысты үйлесімді етуге барын салуда. Биылғы жылы жалпы алғанда 171 нысан жекешелендіруге шығарылады. Бұл бағытта бір өңірлерде белсенділік байқалса, ендігі бір өңірде баяу жүруде. Дегенмен, ең бастысы ашықтық», - деді К. Мәсімов.
Сонымен қатар, Премьер жекешелендіру шарасына отандық инвесторлардың белсенді қатысқаны өзекті екенін айта келе, өздерінің жаңа технологияларымен, жаңа басқару тәсілімен шетелдік инвесторлардың келгені де маңызды екенін атап өтті. «Біз шетелдік инвесторлармен белсенді диалогқа барып, оларды қосымша инвестициясымен елімізге келуге шақырып жатырмыз», - деді Үкімет басшысы.