Жекешелендіруден соң ҚБТУ-да оқу ақысы өзгермейді - университет ректоры

Журналистерге берген сұхбатында Алматыдағы Қазақстан-Британ университетінің ректоры Ескендір Бейсембетов осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, университеттің ең маңызды миссиясы ол - қоғамды дамыту, одан әрі жетілдіру. Ал оны жүзеге асыратын білімді, мәдениетті азаматтар. Оларды даярлайтын жоғары оқу орындары. Сондықтан бұл игі мақсатқа ақша үнемдеуге әсте болмайды. Демек, университет - бұл тез арада табыс әкеле қоятын мекеме емес. Болашақ жаңа акционерлер мұны мықтап ескерулері қажет.

Ректор неге бұлай деді? Болашақ акционерлер дегені кімдер? Сонда университет сатылымға шығарылма ма?

Естеріңізге сала кетейік, елімізде үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап, Қазақстан Үкіметінің 2014-2016 жылдарға арналған Кешенді жекешелендіру жоспары қолға алынды. Соған сәйкес, «жекешелендірудің екінші легі» басталды да кетті. Мұнда мемлекет меншігіндегі нысандар, ұлттық холдинг және ұлттық компанияларға тиесілі нысандар сатылымға қойылады. Солардың бірі - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы АҚ балансындағы Қазақстан-Британ техникалық университеті.        

Журналистердің білгісі келгені де осы жоғары оқу орнының болашағы болатын. Сонымен, алдағы болатын жекешелендіру білім ақысына, білім сапасына қалай әсер етуі мүмкін? Соңғы бес жыл қатарынан еліміз бойынша «Ең үздік техникалық университет» атанып келген білім ордасының болашағы енді қалай болмақ? Ректор осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

- Ескендір Қалыбекұлы, ҚБТУ жекешелендіру үдерісі алдындағы жағдайы қандай?

- Мен алдымен мынаны айтар едім. ҚБТУ-ды Қазақстанның тәуелсіздігінің жобасы мен өнімі деуге болады. ҚБТУ - Қазақстанның жетістігінің бір айқын көріністерінің бірі. Мысалы, университет Қазақстанның атынан ақпараттық бағдарламалау бойынша Әлем чемпионатына төрт рет қатысты. Үш рет ең үздік жүз команданың қатарына енді. Бір рет екінші ондықтан орын алды. Университет қазір ең күрделі жобаларды іске асырып жатыр. Бізде Қазақстан бойынша тұңғыш рет теңіз академиясы құрылды. Енді Қазақстан флотының мамандарын даярлап шығаруға мүмкіндік бар. Күн батареясы өндірісі жолға қойылды. Әзірге күніне 10 шаршы метрден шығарылуда. Болашақта бұл көрсеткіш ұлғая түседі. Университет түлектерінің 98 пайызы үш айдан кейін-ақ жұмысқа орналысып кетеді. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. 

- Жекешелендіру үдерісі білім сапасына әсер етуі мүмкін бе?

- Сіздер мынаны түсініңіздер, меншік түрінің білім сапасына ешқандай қатысы жоқ. Бұл үдеріс барлық елдерде бар ғой. Университеттер қоғамдық, жеке немесе мемлекеттік меншікте бола береді. Мұның барлығы аса маңызды емес. Бұл жерде ең маңыздысы - мемлекеттің ролі! Университеттер қоғамды дамытуда өз қызметін барынша тиімді атқаруы үшін мемлекет қандай ережелерді қабылдайды? Міне барлығы осыған байланысты. Ал бұл үшін мемлекет жекешелендіру үдерісінен басқа, сол жекешелендіруді әділ де дұрыс жүргізу үшін, әділ бәсекелестік болуы үшін тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Мысалы «Ғылым туралы» заң бар. Онда «акциясының 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі, яғни мемлекеттік немесе ұлттық мәртебесі бар жоғары оқу орындары мемлекет тарапынан базалық қаржыландыру құқығына ие» деген норма бар. Демек, мемлекеттің қаржысы олардың шығындарын жабады деген сөз. Осының салдарынан олар байқауларда, жекешелендіруде, маңызды шешімдер қабылдауда басымдыққа ие болады. Олай болса, мұндай жоғары оқу орындары мен жүз пайыз жеке жоғары оқу орындары арасында әділ бәсекелестік қайдан болсын? Сол үшін де шаруашылық жүргізуші жеке компаниялар, субъектілер мемлекетке тиесілі акциялары бар нысандардың акцияларын сатып алуға ұмтылады. Міне, сол үшін жоғарыдағы нормалар алынып тасталуы тиіс.

- Сіздіңше, университеттің басқа жоғары оқу орындарымен салыстырғандағы білім саласындағы алар орнын қалай анықтауға болады?

- Негізі, экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, «мемлекеттік» немесе «ұлттық» мәртебесі бар университеттер білім саласында жетекші роль атқарады екен деген ой туындамауы керек. Шын мәнінде сапалы көрсеткіштерге арқа сүю қажет. Мен бұл жерде әр түрлі рейтингтерге емес, талапкерлердің таңдауына көп сенім артамын. Олардың таңдауы рейтингтерден де құнды.  

- Жекешелендіру үдерісі университет ұжымының құрамына әсер ете ме?

- Жекешелендіру тұрғысынан алып қарағанда қазір университеттің ұжымы нағыз кәсіпқой мамандардан құралған. Біз енді қандай меншік нысаны болмасын, болашаққа үлкен үмітпен қараймыз. Өйткені университет - бәсекеге қабілетті және үлкен міндеттерді шеше алатын білім ордасы. Енді қандай меншікке өтпейік, ол біздің тағдырымызға әсер ете қоймас деген ойдамын.

Өйткені, мықты адам капиталы топтасқан ұйым ғана алға жылжиды, егер ол болмаса, қандай меншік түріне өтпесін, барлығы бекер. Ал бізде, құдайға шүкір, мықты ұжым бар.   

- Бірақ, бұл жерде қаржыландыру жағы бар ғой. Бұл сіз үшін қаншалықты маңызды?

- Менің айтарым, егер де инвесторлар табыс табу үшін ақша жұмсағылары келсе, онда мұнай саласына, мұнай өңдеу саласына, тағы басқа да салаларға ақша жұмсасын. Ал университеттің мақсаты - ақша көбейту, ақша тудыру емес. Ақша көбейтетін басқа институттар бар, олар  - банктер. ҚБТУ-дың мақсаты, мүддесі - ең бағалы, ең құнды өнім - білімді азаматтарды тәрбиелеп шығару. Ал бұған ақша үнемдеуге болмайды. Қоғамды өзгертетін білімді азаматтар. Бізге келетін инвесторлар түсінулері керек - университеттің құндылығы тезірек табыс табуда емес, қоғамды өркениетті, білімді, мәдениетті ете түсуде. Біздің мақсатымыз - адам капиталын дамыту! Сол үшін бізге табысты көздейтін орта бизнес субъектілері емес, мықты, ірі стратегиялық компаниялар келеді деп ойлаймын.

- Университет жекешеленген соң, білім ақысы өзгере ме?

- Университет студенттердің оқу ақысынан табыс табуға ешқашанда ұмтылған емес. Өйткені табысты көздейтін болса, онда оқытушылардың жалақасын да қысқартуға тура келер еді. Табыс жүрген жерде үнемдеу де жүреді. Ал бұдан білім сапасы төмендейді. Сондықтан бұл жерде білімнен үнемдеуге болмайды. Университетте білім алу ақысы қолжетімді болуы керек. Әйтпесе көптеген талантты жастардан көз жазып қалатынымыз анық.  Сол үшін ҚБТУ-да қалай болғанда да білім ақысы өзгермейді және өзгермеуі тиіс!

- Университеттің қанша пайыз акциясы жеке қолға өтеді және қашан?

- Менің білуімше алғашында Үкімет университеттің 100 пайыз акциясын сатылымға шығаруды көздеген секілді. Бірақ университеттің көп жағдайда әлеуметтік білім мекемесі екендігін ескеріп, Үкімет, менің білуімше, қандайда бір, мүмкін бақылау пакетін, өз қолында қалдыруды көздеген болуы мүмкін. Дегенмен, бұл мәселелер қазіргі таңда Үкімет деңгейінде шешілу үстінде.

- Егер жаңа акционер университет саясатына өзгеріс енгізер болса, сіз бұған қалай қарайсыз?

- Егер акционер онсыз да жақсы дамып жатқан университеттің бағыт-бағдарына өзгеріс енгізер болса, егер бұл әрекет жемісті болмаса, оның тәуекелі акционердің жауапкершілігінде болмақ. Сол үшін, жақсы жұмыс істеп тұрған жүйеге өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын.