Жексенбідегі жойқын жеңісінен соң Әлімханұлы әлемдік рейтингте шарықтай көтерілді


Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (5-0, 2 КО) АҚШ-тағы нокаутпен жеңістен кейін орта дивизион рейтингінде 66 саты жоғарлады, - деп хабарлайды Vesti.kz.

25 жастағы қазақстандық Фриско қаласындағы The Ford Center at The Star аренасында The Hitman ("жалдамалы баскесер") лақап атты америкалық Стивен Мартинесті (18-5, 13 КО) жеңген еді.

Сегіз раундқа есептелген жекпе-жек бесінші раундта америкалықтың командасы жұдырықтасудан бас тартқаннан кейін тоқтатылды. Осылайша, қазақстандық АҚШ-та алғаш рет техникалық нокаутпен жеңіске жетіп отыр. Сонымен бірге, америкалық боксшы үшінші раундта нокдаунға түскенін де айта кетейік.

Бұл жетістік Әлімханұлына BoxRec сайтының топ-100 рейтингіне кіруге мүмкіндік берді. Қазақстандық бұл тізімде 84-ші, ал көшбасшы мексикалық Сауль "Канело" Альварес, одан кейін қазақстандық Геннадий Головкин.