Желіде Алматы облысында аялдама маңында жүрген "қасқырдың" видеосы пайда болды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

"Ұзынағаш ауылы кіреберісінде ұрғашы қаншық қасқыр жүр. Осында туған ба, күшіктеген бе, осы төңіректе айналшықтап жүргеніне екі-үш күн болған сияқты. Негізі кеше Instagram-нан көргенмін, түнде біреулер түсірген екен. Сондықтан сақ болыңыздар. Аялдаманың артындағы Үмбетәлі бұрылысында жүр", - дейді видео авторы.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ақпаратты тексерді.

"Инспекторлар барып, қарады. Бұл жерден оны таппады. Видеоны қасқыр асыраушыларға жібердік, олар бұл ірі ит деген қорытынды айтты", - деп жауап берді комитеттің баспасөз қызметі өкілі.


Бұған дейін Алматы тауларында туристер аю көргенін хабарлаған болатын. Бұл карантин кезінде тауға шығатын адамдар азайғандықтан, жабайы аңдар қала шетіне қарай төмен түскенімен түсіндірілді.