Желтоқсан көтерілісіне қатысты құжаттардың 60 пайызы Ресей мұрағаттарында жатыр

«Желтоқсан көтерілісіне 26 жыл болса да әлі оған мемлекеттік деңгейде саяси баға беріліп, заңдастырылған жоқ. Дегенмен биыл үлкен үмітіміз бар. Өйткені 20 жылдықта ҚР Парламентінің Мәжілісі мен Сенат палаталарында құпталған бұл заңның жобасын депутаттар қайта көтеріп жатыр», - дейді Т.Әлжанов. Жоғарғы Кеңесте және ҚР Парламенті Сенатында саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтау мәселесі бойынша комиссияда жұмыс жасаған бұрынғы ҰҚК қызметкерінің айтуынша, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты көптеген құжаттардың әлі ашылмағаны рас. Бұл туралы ол 2006 жылы «Президент және халық» газетіндегі «Желтоқсан деректері Ресей мұрағаттарында» деген мақаласында да жазған.

Төлеген Әлжановтың сөзіне қарағанда, «Жоғарғы Кеңес комиссиясы жұмыс жасаған кезде КСРО Бас Прокуратурасынан Гаев деген адамның басшылығымен Мәскеуден келген 7 адам Желтоқсанда зорланған қыздарға, қатты жарақаттанғандарға және қаза болғандарға қатысты құжаттардың көбін өздерімен бірге алып кеткен. Бұл құжаттар қазір Ресейде М.Горбачевтің архивінде жатыр».