Әбиірбек Тінәлінің айтуынша, өзі ол кезде Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актер болыпты.
"Қазақтың өрімдей-өрімдей жастары әділдік іздеп Орталық алаңға шыққан шақтары... Біздер де жап-жас жігіттерміз. Газеттен жалған ақпарат оқыдық.Жазықсыз қазақ жастарына жала жабылғаны жайында... Осыншалық жастардың түгелдей дерлігі бір мезетте арақ ішіп алып, бүлік шығарып жатыр дегендеріне қу жүрегіміз сене қоймады. Жұдырығым әлденеге тарс жұмылып,өз-өзімнен ыңылдай бердім. Біздерді Алматыға қарай жібермеді.17 желтоқсан күні ойда-жоқтан ақын Әбдрахман Асылбек ағаны кездестірдім. Ағама көңіл-күйімді айттым. Ызыңдап жүргенімді байқаған ақын оның себебін сұрады. Өзара ақылдаса келе, ол кісі мені мұқият тыңдады. "Мынауың ән ғой!" деді. Мені әлденелер мазалап жүргенін айттым. Әрине,Алматыдағы болып жатқан жалақорлықтың себептері екенін жеткіздім. Ашық жазуға болмайтынын саналы түрде сезінген біздер сонау 1969 жылғы қатты қыс болған желтоқсанды меңзеп, ән мәтінін жаздық. Сөйтіп, ойымыз бір жерден шығып, өмірге "Желтоқсан желі" деген әніміз келді. 2016 жылдың 16 желтоқсаны күні бұл әнге де тура 30 жыл толады екен" дейді сазгер.