Желтоқсаншылар жікке бөлініп, жаға жыртысты

Желтоқсаншылардың араздығы соңғы уақытта белең алып барады. Көпшіліктің еті үйренгені сонша қоғамдық ұйымдардың жиі өткзетін жиынына мән бермейтін болған. Бұл жолы белсенділер араларындағы «жалған-желтоқсаншыны» әшкерелеу үшін жиналыпты. Әңгімені сол Гүлбахрам Жүніс пен Үміт Босыманова есімді әріптестерін айыптаудан бастады.

Бейсенғазы Нүкен, «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің төрағасы:

-Мына анықтамада толық мойындайды. Желтоқсан көтерілісіне ешқандай қатысы жоқтығын, пәтерді, ақшалай сыйлықтарды қалай алғанын. Ол Рудзев деген кісінің ақталу қағазымен бәрін алған. Енді бұндай адамның біздің қатарында болмауы тиіс.

86-шы жылы бір мақсатпен алаңға шыққан желтоқсаншылар қазір түрлі атаумен жеті қозғалысқа бөлінген. Соның бесеуі «Тәуелсіздік қырандары» мен «Желтоқсан жалауы»-ның жұмысына көңілі толмайды екен. Тіпті желтоқсаншылар атына кір келтірген бұл екеуін заңмен қудалай керек деп салды. 

Гүлнар Лепесбаева, «Ұлы Желтоқсан» бірлестігінің төрайымы:

- Гүлбахрам Жүнісованың онымен қоса Босыманова Үміттің ұйымдарын жауып, өздері мөрлерін бізге тапсырсын. Халықтан кешірім  сұрасын, жастардан кешірім сұрасын. Жастар біздің болашағымыз!

Бес бірдей ұйымның жетекшілері осылай әріптестерін жерден алып, жерге салып жатқанда, сол Гүлбахрам Жүністің өзі баспасөз орталығына кіріп келді. Қолында 86-шы жылы сотталған анықтамасы да бар.


Гүлбахрам Жүніс, «Тәуелсіздік қырандары» қозғалысының төрайымы

- Егер сіз әділетті адам болсаңыз, анық-қанығын білу үшін барлығын көтеріп қайта қараңыз. Мынау біржақты  шығарылған шешім, келіспеймін. Мен ұрсысуға келіп тұрған жоқпын.

Осылайша бес қауымдастық бір төбе, Гүлбахрам Жүніс басқарған «Тәуелсіздік қырандары» бір төбе болып жаға жыртысуға дейін барды.

-Сен желтоқсаннан шық, кет, шығарып жіберу керек

Ақыры отырысқа шақыртусыз келген төрайымды жабылып жатып залдан күштеп шығарды. Бірақ Гүлбахрам Жүніс бұлай жәй қалдырмаймын дейді.  Бірер күнде «жалған желтоқсаншы» деп айыпталған тағы бір әріптесін ертіп, өздері мәлімдеме жасамақ.