"Жемеңгер шенеуніктерді шақырып осылай сұрасаңдаршы": Нұрсейіт Жылқышыбай мәдениетсіз сұрақ қоятын журналистерді сынап тастады


Бұл туралы ол  Facebook  желісінде жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Қазақстан теларнасының "Түнгі студия"  деген бағдарламасы бар. Соған бокстан ұлттық құрамамыздың капитаны, Тәшкенттен әлем чемпионы болып келген Асланбек Шынбергеновты командаластарымен шақырыпты. Көріп отырмыз. Қанша ақша алдыңыз. Сіздерге АИБА ның бергені бар, өзіміздің Бокс Федерациясы мен үкімет те береді деп чемпионның қалтасын ақтара бастады. Ол аз дегендей оны қалай бөлесің деп тағы бастырмалады. Асланбектің көзі бақырайып сасып қалды. Бейне бір біреудің несібесін тартып алғандай. Жұмсарта айтқанда осындай мәдениетсіз сұрақтың қажеті қанша? Осы сұрақтарды "Халық үні" деген ютуб арна жүргізушісі де Асланбекке қойып отыр. Отызға келгенше жолы талай кесілген спортшының карьерасынан қаншама сауал қоюға болады. Бір-бірінің басынан дүңкілдетіп соғатын бокс дегенің ауыр спорт қой. Неге денсаулығын сұрамасқа. Студияларыңа жемеңгер шенеуніктерді шақырып осылай сұрасаңдаршы. Мысалы он жылға сотталып артынша шығып кеткен Қуандық Бишімбаевты шақырып алыңдар. Сосын содан сұраңдар. Бюджеттен ұрлаған ақшаны қалай бөлістіңдер деп. Біреудің ақшасын санау, оны қалай, қайда жұмсайтынын сұрау барып тұрған сауатсыздық", - деп жазды журналист.