Жеңіл атлеттер арасында Олимпиада ойындарының лицензиялық ақтық іріктеу турнирі Алматыда өтеді

Бұл жайлы ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Павел Новиков бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Байрақты бәсеке жеңіл атлеттер арасында Лондонда өтетін ХХХ Жазғы олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынатын ақтық іріктеу турнирі болмақ. П. Новиковтың айтуынша, қазір Қазақстанның қоржынында спорттың 17 түрінен 80 лиценция бар. Бүгінгі таңда 15 спорт түрінен іріктеу сындары аяқталды. Енді еліміздің спортшылары Олимпиада бағдарламасына кірген спорттың өзге 13 түрінен ғана жолдамаларға таласа алады.

«Жыл сайын өтетін дәстүрлі «Азия жұлдыздары» бәсекесінде ел намысын жеңіл атлетиканың 20-дан аса түрінен 100-ге жуық спортшы қорғағалы отыр. Әзірге бұл додаға өзге шет елдерден нақты қай мемлекеттердің спортшылары қатысатыны белгісіз. Өйткені жарысқа қатысушылар алдымен Азия жеңіл атлетика федерациясына сұраным беруі керек. Оған қай елдер қатысатынын солар шешеді», - дейді Павел Новиков.