"Жеңіл-желпі деп бәрін сыпыра бір шыбықпен айдамайық": "Оян қазақ" авторы Айгүл Иманбаеваның ұлы түсірген "Көке" фильмі туралы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Мұрат Есжан өз пікірін желідегі парақшасында қалдырған.

Кейде осы жеңіл дүние, қарабайыр комедия деп, көрмей-білмей, тәп-тәуір нәрселердің қасынан көзді жұмып өте шығатынымыз бар. "Көке" фильмі кинотеарда көрсетіліп жатқанда, қатардағы көп-корнның бірі шығар дедік пе, баруға аса құлықты болмаппыз. Барсаң, өкінбейсің деген де жан болмады-ау, сірә. Актерлік құрамды қатырыпты дедік те қойдық.

Сол "Көке" туралы бір пікір естіп қалып, интернеттен басын қарай салғам. Іліп алып, соңына бір-ақ апарды. Режиссер Асылжан Әбдімүтәлінің жұмысына айырықша разы болдым. Өзіндік стилі, қолтаңбасы, өзіне тән атмосферасы бар дүние түсіре алған екен. Ә дегенде-ақ белгілі бір тонды, ритмді тудырып (ол тағы үйреншікті, таптаурын тон емес), соны соңына дейін сақтау қиын іс әдетте. Асылжан қиялындағы дүниені актерлердің гротескілі ойыны, үнемі қозғалыстары кадрлары, көбіне дәл түсетін музыкалық сүйемелдеу, ерекше монтаждық тәсілдер арқылы экран бетіне әдемі қондыра алған. Уэс Андерсонның, арасында Вуди Аленнің фильмдерін еске салатын карикатуралық дейміз бе, абсурдтық дейміз бе, комедияның сценарлық құрылымы мен диалогтары да көп саптастарымен салыстырғанда піскені, неше қайтара қашалғаны байқалады. (Осы тұста "Көкенің" Сәбит Әбдіхалықовтың аттас пьесасы негізінде түсірілгенін айта кету керек.) Бір сөзбен айтқанда, Асылжан өзінің не істеп жатқанын білетін, кәсіби көзқарасы қалыптасқан киногер екенін көрсетіпті.

Бас салып бәрің "Көкені" көрің дей алмаймын. Сіз мүмкін бір қарағанда көзге ұратын "басқашалықты" қабылдай алмассыз. Мүмкін көтерген мәселесінің өзектілігі себепті кей кем-кетігіне көз жұмып отырған шығармын. Бар айтпағым кәсіби сыншылар жеңіл-желпі деп бәрін сыпыра бір шыбықпен айдай бермей, арасында осындай назар салуға тұрарлық, кәсіби деңгейі толымды дүниелерге мойын бұрып тұрса деген ұсыныс еді.

"Көкені" көргендер болса, пікір алмаса отырайық.