"Жер қатынастары саласын реттейтін мемлекеттік құрылымдар жер телімінің құжатын рәсімдеу мерзімін және жер берген кезде белгіленген кезекті сақтамайды", - деп хабарлайды агенттік тілшісі. "Сондай-ақ, бас жоспар кейюір қалаларда жоқ екендігі анықталды", - деп хабарлайды телеарна.
Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқаратын агенттігі қатаң сынға ұшырады. "Жылдың алғашқы төрт айында тексерулер нәтижесінде 600 заң бұзушылықты анықтаған. Айыппұл сомасы 29 млн теңгені құраған. Ең көп таралған заң бұзушылық жерді өз бетімен басып алу және жер телімдерін мақсатсыз пайдалану", - деп хабарлайды телеарна.
"Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы О. Әбдікәрімовтың айтуынша, бұл заң бұзушылықтар елдің Қауіпсіздік кеңесінің талқылау тақырыбы болған. Үкіметке, барлық деңгейлердегі әкімдіктерге тиісті тапсырмалар берілді, бірқатар лауазымды тұлғалар қызметтерінен босатылды. "Алайда, біздің көріп отырғанымыздай, аталмыш мәселеде айтарлықтай жақсару байқалмайды. Сол кездегі қауіпсіздік кеңесінің отырысынан бері қаншама уақыт өтсе де, шағымдардың ағымы тоқталмай отыр", - деп мәлімдеді ол. "Біздің міндетіміз - мемлекеттік органдарға осы сала бойынша жергілікті атқару органдарының сыбайлас жемқорлық былығына араласу деңгейін көрсету және "Нұр Отан" ХДП бұнымен күресуге бел байлағандығын көрсету", - деді О. Әбдікәрімов.
"Отырыс қорытындысы бойынша Жер кодексіне осы саладағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік беретін толықтырулар енгізуге кеңес берілді", - деп түсіндіреді агенттік тілшісі. "Нұр Отанның" өңірлік қоғамдық кеңестеріне және мәслихаттарға жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерін бөлуді айрықша бақылауға алуға және кезектіліктің қатаң сақталуын қамтамасыз етуге кеңес берілді", - деп хабарлайды телеарна. "Сондай-ақ, парламенттегі үкімет сағатына жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік басшысын шақыру жөнінде шешім қабылданды", - деген ақпарат ұсынады телеарна.