«Жерді сату мен жалға беруді уақытша тоқтату» туралы заң жобасын мәжіліс еш қарсылықсыз мақұлдады. Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлайды.
Төменгі палатада өткен бүгінгі пленарлық отырыста халық қалаулылары Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өзгертілген заң жобасын екі оқылымда бірауыздан қолдап, дауыс берді. Осылайша елдің жаппай наразылығын туғызған жер дауына нүкте қоятын кодексті мәжіліс депутаттары сөзге келместен қабылдап жіберді. Ендігі кезек Сенатта.
Еске сала кетсек, көпшіліктің ашу ызасын туғызған «жер сату» туралы даулы заңды былтыр төменгі палатаның өзі бекітіп берген еді. Парламент қабылдап президент қол қойған заң бойынша, жерді еліміздің азаматтары мен қатар шетелдіктерге де 25 жылға жалға беруге рұқсат етілгенді. Тіпті даулы заң 1-ші шілдеден бастап өз күшіне енуі тиіс болатын.
Әйтседе еліміздің бірнеше қаласында өткен жаппай наразылық шараларынан соң Елбасы Жер кодексіне 1 жылға мораторий жариялады. Аталған даулы мәселенің түйінін шешу үшін қоғам белсенділері мен үкімет мүшелерінен құралған Республикалық жер реформасы жөнінде комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр.