Жерді сатуға тыйым салатын заң жобасы президентке жолданды

 Жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салуды көздейтін заң президенттің қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды Caravan.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. 

29 сәуірде парламент сенаты мәжіліс мақұлдаған жер қатынастары туралы заң жобасына түзетулер енгізіп, төменгі палатаға қайтарған болатын.

Атап айтқанда, сенаторлар Жер кодексіне жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстанның заңды тұлғаларына беруді ұсынды.

"Сенат ұсынған өзгеріс пен толықтыру заң жобасының мәжіліс мақұлдаған тұжырымдамасын бұзбайды және оның мазмұнын нашарлатпайды", - деді мәжілісмен, аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Берік Оспанов.

Осылайша мәжіліс сенаттың ұсыныстарын мақұлдады. Заң қабылданып, президенттің қол қоюына жіберілді.

Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салынған.


Сонымен қатар мораторийге дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алған шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар үшін жерді жалдау мерзімі ұзартылмайды. Тиісті заң күшіне енгеннен кейін жер шетелдіктерден қайтарып алынады.

Ал қандастарға жер учаскесі жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін беріледі. Олар ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға ала алады.