Жердің шөлейттенуіне қарсы күрестің Қазақстандық тәжірибесін бүкіл Еуразия кеңістігіне таратуға болады - қоршаған ортаны қорғау министрі

"Қазір біз жердің шөлейттенуіне қарсы күрестің аса табысты тәжірибесін дайындаудамыз, ол Қарағанды облысының Шет ауданында Әлемдік банкпен бірлескен жобаны жүзеге асыру барысында жинақталған, оны біз шөлейттенуге ұшыраған еліміздің барлық өңірлеріне таратпақшымыз", - деді Н. Ысқақов.

"Бірінші кезекте бұл Қызылорда облысында жүзеге асырылады, біз Әлемдік банкпен келісіп, Үндістанда күріш егу саласында пайдаланылған жерлерді қалпына келтіру тәжірибесін пайдаланатын боламыз", - деді ол.

"Алайда, менің пайымдауымша, Шет ауданының тәжірибесі де пайдалы болмақ, Әлемдік банк те одан мүдделі, ол тәжірибе тек Қазақстанның басқа өңірлері үшін ғана емес, Еуразиялық кеңістіктің басқа өңірлері үшін де пайдалы", - деді министр.

Қазақстанда жүзеге асырылған жердің шөлейттенуіне қарсы күрес жобасына, министрдің айтуынша, Монғолия мен көршілес Орталық Азиялық мемлекеттер де қызығушылық танытқан. "Шөлейттенуге тек Қазақстан ғана емес, дүниежүзі душар болуда, қазір 155 млн адам әлемдегі шөлейттену құбылысынан тұрғылықты жерлерін тастап кетуге мәжбүр", -деді Н. Ысқақов.

"Күн райының ғаламдық өзгерісіне байланысты бұл процесс қарқынды дамитын түрі бар, сол себепті мен Шет ауданындағы жоба жай ғана жергілікті жоба емес деп санаймын, біз оны мысалға ала отырып адамзаттың ғаламдық экологиялық қауіп-қатерлерге қарсы тұра алу мүмкіндігін көрсете алар едік", - деді министр.