Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасы президентке таныстырылады

"Заң жобасын Ұлттық комиссияның барлық мүшелерімен екі аптаның ішінде келісіп, мемлекет басшысының қол қоюына жіберуді ұсынамын",- деді комиссия төрағасы Болат Өтемұратов. Бұл ұсынысты комиссия мүшелері бір дауыстан қолдады.

Ұлттық комиссияның жұмыс тобының жетекшісі Дариға Назарбаеваның журналистерге берген түсініктемесіне сәйкес, "жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ауыл, кент, елдімекен, аудандық маңызы бар қалалар мен қалалық аудандар деңгейінде дербес басқарушы құрылым және бірлік ретінде қарастырылуы - заң жобасының басты принциптік қағидасы болып табылады". Ол осы орайда "егер бұл құрылымдар бір-бірін қайталайтын босла, онда жергілікті өзін-өзі басқару туралы идеядан біржола бас тарту қажет" деп атап көрсетті. "Біздің ең басты мақсатымыз - өздеріне қатысты маңызды проблемаларды шешуге тұрғындардың тікелей өздерін тарту",- дейді Д.Назарбаева.
Заң жобасына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдары кеңестер, би соттары мен төрелерден құралуы тиіс. Бұл жерде "жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тәуелсіздігіне заңда белгіленген аяда мемлекет кепілдік беріп, атқаратын функциялары мен өкілеттілік шеңберіне парапар қаржылық ресурстармен қамтамасыз етеді". Заң жобасында көрсетілгеніндей, мемлекеттік органдар заңнамалық актілерде көрсетілген жағдайлардан басқа кезде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысына араласуға тиіс емес.
Бірақ Д.Назарбаеваның айтуынша, жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының арасындағы ықпалдастық мәселесі әлі де толығырақ дәйектеуді талап етеді. "Мемлекет тарапынан жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті жердегі іс-әрекетінің заңдылығын бақылау тетіктері қандай болады деген мәселе мен қазіргі жағдаймен бөлшектеліп кеткен коммуналдық меншікті тарату мәселелерінің басын ашу қажет",- деді Д.Назарбаева.