Зеленскийдің ауызашарға қатысқаны туралы ақпарат оның ресми сайтында және Украина мұсылмандары қауымдастығының сайтында жарияланды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Шараға тәуелсіз Ичкерияны қолдайтын, Украина жағында соғысып жүрген мұсылман жауынгерлер де қатысты.
Президент ислам дінін ұстанатын әскери қызметкерлерге алғыс айтып, мемлекеттік наградалар табыстады. Оның сөзінше, Украина өз еліне адал азаматтардың арқасында берік тұр.
Зеленский сондай-ақ Украина барлық уақытша басып алынған аумақтарды, соның ішінде Қырымды да қайтаруға ниетті екенін мәлімдеді.
«Біз өз жеріміздің әр бөлігін, әр қауымын ұмытпаймыз. Шығысымызды, Донбассымызды, Қырымымызды есімізде ұстаймыз. Ресейге украин жерінен ештеңе сыйламаймыз — бұл біздің ұстанымымыз», — деді ол.
Мемлекет басшысы украин мұсылмандары Рамазан айын соғыс жағдайында 13-рет қарсы алып отырғанын атап өтті. Ол келесі қасиетті ай бейбіт кезеңде, тек Украина үшін ғана емес, бүгінде қақтығыс жағдайында өмір сүріп жатқан барлық халықтар үшін тыныштықта өтеді деген үміт білдірді.