теміржолшылар шаһарында атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын саралады. Алты сағатқа созылған алқалы жиында тапсырмалардың орындалуы егжей-тегжейлі пысықталды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
Басқарма басшылары мен қалалық әкімдіктегі дербес бөлімдердің меңгерушілері және ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен мәжілісте атқарылған жұмыстар мен берілген тапсырмалардың орындалу барысы жан-жақты таразыланды. Бұл жолы да аудан, басқарма басшылары ғана емес, ауыл әкімдері мен бөлім мамандарына дейін көтерілген мәселелер бойынша жеке-жеке жауап берді, атқарған жұмыстарын баяндады.
Мәжіліс кезінде игерусіз жатқан үйіргелік жерлерге қатысты алаңдаушылық білдірген А.Мырзахметов алда атқарылар шаралардың жөн-жобасын түзіп, нәтижелі жұмыс жасау жайына кеңінен тоқталды.
Бүгінде облыс аумағында тиімсіз пайдаланылып жатқан аула ішіндегі жердің көлемі 50 мың гектарға жетеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында тұрғындарға 50-100 мың теңге көлемінде шағын несиелеу жүйесі түзілмек. Ол үшін ауыл әкімдері тұрғындардың мүмкіндігін бағамдайтын болады.
- Жерін тиімді пайдаланамын дейтін азаматтарға несие береміз. Ертең өнім пісіп-жетілгенде сол өнімнің бір бөлігін сатып аламыз. Бұл азық түлік қауіпсіздігі аясында атқарылған нақты шара болумен қатар халық үшін табыс көзі, - деді А.Мырзахметов.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы ауыл әкімдері мен мелекеттік қызметшілердің жұмысын жүйелеу, жауапкершілікті арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Алдағы уақытта облыс әкімінің өкіміне сәйкес облыс әкімінің орынбасарлары аудан, қалаларға екі рет шығып, атқарылған жұмыстармен танысады. Ал ай соңында сапарда көтерілген мәселелер бойынша аудан, ауыл әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген селекторлық мәжіліс өтеді.
Сапар соңында облыс әкімі жақында ғана күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, атқарылған жұмыстарды көрді.