Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол "Qasqa Jol" YouTube арнасына берген сұхбатында ақынның жерлеуі де тағдыры секілді қым-қиғаш болғанын айтты.
"Мұхтар Шахановтың қазақсына қатысты қалың қазақ жұртына, ет жақын бауырларына, артында қалған ұқрпақтарына қайғыра көңіл айтамыз. Құдай Мұхтар Шаханов деген кісіге үйіп-төгіп бақ пен сорды берген. Ол кісінің өмір жолын көп адам сыртынан білгенімен, іштей білетін, қасында жүрген адам ретінде мен ол кісінің өмірін дұшпаныма да тілемес едім. Шыр етіп дүниеге келгеннен соңғы демі шыққанша бүкіл өмірі тағдыры арпалыс, быт-шыт, алай-дүлей, айқай-шу. Қоғамдық өмірінің өзі шытырман оқиға, айта берсең көп. Енді өмірден өткенде жерлеуі, жаназасы өзі секілді, өмір жолы секілді айқай-шу. Басында Кеңсайда жерлейтін болды. Содан Отырарға қоятын болды. Мұхтар Шахановтың өзі қандай, жерлеуі сондай айқай-шу болды. Мысалы осы деңгейлес Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев сынды тұлғалар өмірден өткенде ың-шыңсыз өтті бәрі. Бұл кісінің жолы ешкімге ұқсамайтын шым-шытырық.
Ал енді Мұқаңның шығармаларына келер болсақ, поэзиясына мен ғашықпын. Ешкімге ұқсамайтын жолы бар. Оны мойындау керек. Кейбіреулер Мұхтар ағамызды Құдайға теңеп жатады. Бірақ кешіріңіздер бұл кісі пенде, артық айтып кететін жерлері бар. Шығармашылығына әңгімем жоқ, поэзиясы інжу-маржан. Бірақ пенде адамның кемшіл тұстары да жетіп артылады", – деді ол.
Сондай-ақ, ол ақынның жаназа рәсіміндегі кейбір ұйымдастыру мәселелеріне көңілі толмағанын да жасырмады.
"Енді Мұхтар ағамыздың жаназасына келер болсақ, қаралы жиынға барып қарным ашып келді. Жаназаны толығымен ұйымдастырған, барлық шығынды көтерген өңірдің кәсіпкері Сейітжанов деген кісі. Бірақ ығы-жығы адам, Шахановты танитыны бар танымайтыны қаншама. Көз көргендерге қарағанда толып жүрген жастар, мектеп оқушылары жүр. Оларға не жоқ деген ой келді. Жаназадан кейінгі асқа жиналғанда үлкендерге орын жетпей қалды, себебі жастар отырып алған. Жиынды жүргізген асаба тойдың стилімен жүргізді. Сөз ырғағы деген мүлдем жоқ. Мен жүргізейін деп едім, протокол бойынша бекітіліп қойған деп көнбеді. Көріп тұрып қарның ашады. "Адам ұрпағымен мың жасайды", дейді, қаралы жиын кезінде Мұхтар ағамыздың төрт әйелінен үш қыз, екі ұлы бар. Екі ұлы да қайтыс болып кетті. Бірақ Рауан деген ұлынан 3 ұл қалды. Мен жүргізсем, сол Рауанның ұлдарын шығарып, жұртқа көрсететін едім. Бірақ мұндай рәсімнің бірі де болмады, тек қыздарын ғана көпшілікке көрсетті. Қыз бала жат жұрттық қой", – деп қынжылды ол.