Ертіс өзеніне жақын орналасқан елді-мекеннің тұрғындары мына кадрларды жақында жаңбырдан кейін түсіріп алған. Аяқ алып жүргісіз жолда көлікпен қатынау тіпті қиын. Кейбірі сазға батып, буксирмен де шыға алмай әлек болуда.Бүгін жел тұрып, жердің үсті кебіңкірегенімен, былыққан тұстың өңі өзгерер емес.
-Жетінші ауылдықтар үшін нағыз «тар жол, тайғақ кешу» биылғы көктемде басталды. Былтырғы күзде шенеуніктер ойқыш-ойқыш жолдарды тегістейміз деп, саз балшықты төсеп тастапты. Кейін оның үстін шиыршық тастармен бастырамыз деген екен. Бірақ, бұл уәделері сөз жүзінде қалғасын қазір тұрғындар ми батпақты сүйрелеңдеп жүруге мәжбүр.
Бір қайыры болар деп, тілшілерге мұңын шаққан жұрт тасқын кезін үрейлене күтуде.
Ағыбай Болатов, Ленин кентінің тұрғыны:
-Сап-сары балшық, не шыға алмайсың. Өзім міне, ауырып больницадан келе жатырмын әзер. Не машина келе алмайды, ешқандай не жоқ. Қалай болып, қалай шығып тұратынымызды білмейміз.
Гүлмайра Химатова, Ленин кентінің тұрғыны:
-Акиматтың істегені саз балшықты үйіп-үйіп қойды. Жауын болса, су келсе, белшеден батамыз. Соны енді сұраймыз, көмек бізге берсін. Жолды түзесін.
Ауа-райының мың құбылғанына қарамастан жөндеу жұмыстарын жалғастыруға шенділер де асығар емес. Оған қоса, жол жөндеудің атүсті жүргізілгенін мойындамай отыр.
Жеңіс Әбікен, Ленин кентінің әкімі:
- Саз балшық төсеуге бола ма, болмай ма, соны айтыңызшы?
- Дәл ондай сұраққа мен жауап бере алмаймын сізге.
- Неге сіз жауап бере алмайсыз, сіз жауаптысыз ғой?!
- Өйткені, жауапты болған кезде, биылғы жылы сол жаңағы салынған жолды, дамбыны, қиыршық тас төсеп, қатты жол жаяу болсын, автомобиль болсын, яғни сол пайдалануға беріледі деген жоспарымыз бар.
Ал, әзірге балшық кешіп жүрген кент тұрғындары жаңбыр құйған кезде темір жолдың бойымен ғана орталыққа қатынап жүр.