Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қараша айында зауыт 3 мың тонна, желтоқсан айында 9 мың тоннаға жуық мыс алады.
Жұмыс сапарымен Жезқазғанға атбасын тіреген облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков 1-қыркүйекте қайта қалпына келтіру үшін тоқтаған зауытты іске қосуға дайындау барысымен танысты.
«Зауытта қара концентратты гидрометаллургиялық технологиямен өңдеуге көшуге арналған өнеркәсіптік-тәжірибе учаскесін салу жобасын әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мұның бәрі зауыт пен тұтас Жезқазған аймағының дамуына үлкен серпін береді», - деді Н.Әбдібеков.
Облыс әкімі көкөніс сақтайтын қоймасы бар жылыжай шаруашылығы жобасын жүзеге асырып жатқан «Ұлытау Флора» комбинатының жұмысымен де танысты. Бұл жоба мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесі тарапынан қолдау тапқан болатын. Жоба моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Жобаның жалпы құны 230 млн теңгеге жуықтайды. Жылыжайда жылына 182 тонна көкөніс, 1 тонна аскөк пен 460 мың дана гүлді дақылдар өсірілмек.
Комбинат өкілдерінің айтуынша, бүгінде 15 жылыжай пайдалануға берілген. 1 мың тоннаға жуық көкөніс сақтайтын қойма құрылысы аяқталуға жақын.