Жезқазған руднигінің кеншілері ереуілді тоқтатты

"Кеше кешкі он сағат шамасында "Қазақмыс" корпорациясының басшылығы мен кәсіподақ ұйымы арасында кеншілердің талабын орындау жөніндегі келісімге қол қойылды. Кеншілер 13 түрлі талап қойған. Ұзаққа созылған келіссөздердің барысында кеншілердің барлық талаптарына "Қазақмыс" корпорациясының басқармаларының төрағасы Эдуард Огай мен кәсіподақ ұйымының төрағасы Асылбек Нұралин қол қойды", -деді В. Бойчук.

"Жер астынан шықпай қойған мыңға жуық адам жер бетіне шықты. Келіссөздердің нәтижесін күн бойы күткен ереуілшілердің дос-жарандары мен туыстары үйлеріне тарады. Түнгі ауысым қалыпты тәртіппен жұмыс істеді. Қазір бәрі де жұмыс істеп жатыр, жағдай қалпына келді", -деді В. Бойчук.

В. Бойчуктың айтуынша, кеншілердің жалақысы көтерілді. Жоспар орындалған жағдайда кәсіби біліктілігіне қарай олар 200 - 300 мың теңгеге дейін жалақы алатын болады. Жоспарға тәуелді емес кепілді жалақы аталған санның 75% құрайды. Сондай-ақ, компания 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде еңбекке жарамсыздық құжатына төлем төлейтін болады.

"Ал зейнет жасына қатысты мәселе әзірге басы ашық күйінде қалып отыр. Корпорация басшылығы бұл мәселені үкімет шешуге тиіс деп санайды", - деді В. Бойчук.