Жезқазғанда банк қызметкері жұмыс орнынан 29 миллион теңгені жымқырып кеткен

Қарағанды облысы Жезқазған қаласының полицейлері ақша ұрлаған ұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

10 ақпанда Жезқазған қаласының Полиция басқармасының кезекші бөліміне қалалық банктердің бірінің 25 жастағы кассирі ақшаны жымқырды деген хабарлама келіп түсті.

Келтірілген шығын 29 миллион теңгені құрады. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ақшаның банкке тиесілі екенін, ер адам жұмыс орнында жазба қалдырғанын анықтады.

Бір жарым айдан кейін жедел уәкілдер күдіктіні ұстады. Ол өзінің кінәсін толығымен мойындады. Ақшаны өз қажеттілігіне толықтай жұмсап жібергені туралы айтқан.


Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 2-бөлімі (Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша қылмыстық іс қозғалды.