ЖИ-агент және бюрократиядан қорғау: Үкімет заңдарды жазу процесін қалай өзгертеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Жыл ішінде жоспарға үш рет өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде ол «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы», «Инвестициялық қорлар туралы» және тағы да басқа 5 жаңа заң жобасымен толықтырылды. Сондай-ақ одан «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2026-2028 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2 жоба алынып тасталды. Кепілді трансферт туралы заң жобасын алып тастауға жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі әр үш жыл сайын өзгеруге жататындығы көрсетілген жаңа Бюджет кодексін қабылдау негіз болды. Жұмылдыру жөніндегі заң жобасын алып тастаудың себебі Премьер-Министрдің тапсырмасы болды, оған сәйкес Ұлттық экономика министрлігіне заң жобасын жаңа редакцияда әзірлеу және 2026 жылға арналған жоспарға енгізу тапсырылды», — деді ол.

Бүгінгі таңда 22 жобаның ішінен 3-уіне Мемлекет басшысы қол қойған. Олар – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы», «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобалары. Ал 5-еуін Парламент қабылдады, бүгінде құжаттар Мемлекет басшысына қол қоюға жолданды. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» әзірленген қоғам үшін маңызды заңдар және оларға ілеспе жобалар. 14-і Парламент Мәжілісіне енгізілді. Олар – «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Рейтингтік қызмет туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Инвестициялық қорлар туралы» және оларға ілеспе жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары.

Ал Үкіметтің 2026 жылға арналған заң жобалары жоспарының жобасы мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша дайындалып, биылғы 31 қазанда Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда мақұлданған. Жоба 12 заң жобасын әзірлеуді көздейді, оның 3-і Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындап отыр. Олар – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына және оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әзірленген түзетулер.

Жоғарыда көрсетілген заң жобаларынан басқа, жоспармен Парламентке «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» (Энергетика министрлігі), «Тұрғынжайды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы» (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі), «Жұмылдыру туралы» және оған ілеспе заң жобалары, жыл сайынғы «2027 – 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» (Қаржымині), сондай-ақ еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері (Еңбекмині), міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша (Еңбекмині) дербес заң жобаларын енгізу көзделген.

«Жалпы Парламентке бірінші жартыжылдықта 5 заң жобасын, екінші жартыжылдықта 7 заң жобасын енгізу жоспарлануда. Осы орайда, келесі маңызды мәселені атап өткен жөн деп ойлаймын. Өткен жылы біз норма шығару қызметін жетілдіру бойынша, оның ішінде жоспарлау сапасын арттыру және мемлекеттік органдардың болжамды-талдамалық функциясын күшейтуге бағытталған ауқымды жұмыс жүргіздік. Біріншіден, заңнамалық бастамаларды жүзеге асырудың «пакеттік қағидатына» қойылатын талаптар күшейтілді, олар енді Үкіметтің заң жобаларына ғана емес, сонымен қатар Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларына және түзетулерге де қолданылады. Енді заңнамалық бастамаларды жүзеге асыру үшін қажетті заңға тәуелді актілерді бір мезгілде әзірлеу барлық кезеңдерде және барлық заң жобалары бойынша міндетті. Бұл заң қабылданғанға дейін проблемалық мәселелерді алдын ала анықтап, пысықтауға және оны заңға тәуелді деңгейде – яғни заңның практикалық тұрғыдан сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Екіншіден, Президенттің мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлығын жүзеге асыру бойынша жұмыс жалғастырылуда. Атап айтқанда, нормалардың шамадан тыс заңнамалық регламенттелуін жою жүзеге асырылуда. Жүргізілген ревизия нәтижесінде әзірленген 25 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.

Министрдің айтуынша, құқықтық реттеу деңгейлерінің арасында нақты өзгешеліктің болмауы заңдардың процедуралық нормалармен шамадан тыс жүктелуіне әкеліп, шешім қабылдау бейімділігін төмендетіп отыр. Мұны заң шығару тәжірибесі көрсетті.

Осыған орай Министрлік тарапынан артық бюрократияға жол бермейтін заңнаманың тұрақты, бейімді және замануи моделін қалыптастыруға бағытталған тәсілдер әзірленген. Олар құқықтық реттеу деңгейлерін ажыратудың айқын өлшемдерін қамтиды және жеделдік пен басқарушылық дербестіктің басымдылығын анықтайды. Аталған тәсілдер Үкіметте мақұлданып, мемлекеттік органдарға оларды норма шығару қызметі барысында мүлтіксіз сақтау тапсырылды. Әділет министрлігі өз тарапынан заң сараптамасын жүргізу және Үкімет қорытындыларының жобаларын қарастыру барысында аталып өткен тәсілдердің орындалуын бақылап, тиісті талдауды қамтамасыз етіп отыр.

«Үшіншіден, биылдан бастап мемлекеттік органдардың болжамды-талдау функцияларын арттырудың, тиісінше заңнаманың тұрақтылығын нығайтудың маңызды элементі – құқықтық мониторинг жүргізудің жаңа, салалық форматына көшу болды. Бұған дейін мониторинг дербес форматта, яғни әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша және заң техникасына басымдық беріле отырып жүргізілді, ал тұрақтылық тек заңнамалық актілер бойынша талданды. Бұл саланы құқықтық реттеудің жалпы «көрінісін» көруге және оның нақты тиімділігін бағалауға мүмкіндік бермеді. Енді салалық қағидаттың енгізілуімен белгілі бір саланы реттейтін заңдардан бастап жергілікті актілерге дейін нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы талданады. «Өтпелі» талдау, оның ішінде толық саланың тұрақтылығын анықтау арқылы мемлекеттік органдардың норма шығару тәртібі артуда, бұл бюрократиядан арылту жағдайында аса маңызды. Қазіргі уақытта заңнаманың 80 саласына талдау жүргізілді, олардың нәтижелері жалпы алғанда талдамалық және болжамдық функциялардың күшею бағытындағы оң барысын көрсетеді», — деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

Төртіншіден, Заңнама және құқықтық ақпарат институтына мемлекеттік органдардың норма шығару қызметін ғылыми қолдауды жүзеге асыратын уәкілетті ұйым мәртебесі бекітілді. Бұл мәртебе әкімшілік әділет мәселелері жөніндегі заң аясында «Құқықтық актілер туралы» Заңға енгізілген түзетулермен айқындалды. Аталған ғылыми қолдау (экономикалық сараптамадан басқа) міндетті ғылыми сараптамалардың барлық түрлерін, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы жүргізуді, заңнаманың тиімділігіне талдау жасауды, ғылыми қорытындылар мен талдамалық материалдарды әзірлеуді көздейді.

Сонымен қатар, Министрлік тарапынан норма шығару барысын одан әрі цифрландыру және бизнес-процестерді автоматтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде, атап айтқанда, норма шығару саласында жасанды интеллект агентін енгізу бойынша шаралар қабылдануда. Аталған агент норма шығару барысының толық циклін, бастамадан бастап оны жүзеге асыруға және кейінгі мониторингке дейін, ғылыми-талдамалық тұрғыдан қолдайды. Әділет министрлігі тарапынан норма шығару барысын одан әрі жетілдіру, сондай-ақ Үкіметтің заңнамалық бастамаларын уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.