«Жібек жолы» раллиіне ауа райы кедергі келтірді

Кезең еліміздің оңтүстік батысындағы қатты желдің салдарынан біршама қысқартылды. Жайсыз ауа райы раллиді түсіріп жүрген тікұшақтарға және оған қатысушыларға да қауіпті болып шықты, деп мәлім етті BI Group Development.

Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша жарыс көліктері 111 шақырымдық сынақ межесін жүріп өтіп, 70 шақырым бейтарап қашықтықтан кейін 224 шақырым арнайы учаскеге кетуі керек еді. Алайда күрт бұзылған ауа райы жарысты ұйымдастырушыларға раллиді тоқтатуға мәжбүрледі. Өйткені қауіпсіздікті сақтау қиындап кеткен болатын. Нәтижесінде раллиге қатысушылар 111 километр қашықтықты ғана жүріп өтті.

Astana Motorsports экипажы - Айдын Рақымбаев пен оның штурманы Антон Николаев алтыншы орын алды. Жарыстың осы кезеңінде «КамАЗ-Мастер» мүшесі Айрат Мардеев кезекті жеңіске қол жеткізді.


15 шілдеде раллиге қатысушылар тынығады. Ал, 16 шілдеде автомобиль  марафоны Алматыдан Қытайға барар жолын жалғастырады. Мәскеуден басталған жарыстың қазір 5 мың шақырымы артта қалды.