“Жігіттер” тобындағы Айдар Құдайдан бала тілеп, 4 рет қажылыққа барған

«Мен өз отбасымды жария ете бермеймін. Баламды да, қызымды да, әйелімді де, жанұямды мүлдем Instagram-ға салмаймын. Өйткені ол менің құпиям, ол менің демалатын орным. Бүгін ғана айтып отырмын.

Аллаға шүкір, көптен күткен сәби. Үйленгеннен кейін 5 жылдан кейін сәбилі болдық, қызды болдық. Есімі – Малика. Қазір 6 айдан асты. Өте бір қуаныш, түсінген адамға Алланың берген нығметі. Қазір жақсы, үйде тісі шығып, ыстығы көтеріліп жатқан жайы бар», – дейді Айдар.

Отбасын құрғаннан кейін Айдардың келіншегі 5 жыл бойы бала көтере алмаған. Осы уақыт аралығында жұбайлар талай дәрігердің табалдырығын тоздырыпты. Ақырында медицинадан үмітін үзіп, қолын бір сілтегенін айтады әнші.

«Бес жыл бойы емделдік. Емделмеген жеріміз қалмады. Адам бара береді екен ғой. Анда бар десе барамыз, мұнда бар десе барамыз. Соңғы жағында емделуден шаршадық. Екпеден, дәріден, урологиялық, гинекологиялық емнен шаршадық. Сонда мен әйеліме: «Қойшы, барынша емделдік, тоқтатайық. Алла өзі қалаған күні берер. Сенен де, менен де ақау жоқ”, – дедім. Сынақ болып тұр, күтейік деп ойладым», – дейді Айдар.


Бұл аралықта әнші Жаратқаннан күндіз-түні ұрпақ беруін тілеумен болған. Тіпті, сол үшін 4 рет Умра қажылығына барып келгенін айтады.

«Төртеуінде де ұрпақ сұрауға бардым. Бес жыл деген аз уақыт емес қой. Өзім де жас емеспін, 33-ке келдім. Бірінші өзім бардым, одан кейін әйелім екеуміз бардық.

Бұл уақыттың өзінде Алладан көп сұрадық. Содан кейін бір кісі бізге демеуші болып Умраға жіберді. Бірақ бір қызық болды. Біз барайын деп жатқан кезде әйелімнің аяғы ауыр болып қалды. Бір апта қалғанда білдік, содан кейін өзім кетіп қалдым. Әйелім бара алмай қалды, бірақ сондай қуанып кеттім. Бара жатқан кезде, Құдай сенің не сұрайтыныңды біледі дейді ғой. Алдын ала біліп, әйелімнің көтергені шығар деп ойлаймын өзім. Құлшылығымыз қабыл болып, қызды болып жатырмыз. Бұл енді отбасылық құпиям», – дейді Айдар Тұрғанбек.