Жиырма жыл бойы жасырынып жүрген кісі өлтірген қылмыскер Ресейде құрықталды

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандық тыңшы қызметкерлеріне көптен бері іздеуде жүрген, яғни 1994 жылы Орал қаласында қарақшылық шабуыл жасап, кісі өлтірген, сот үкімінен жасырынып, бөгденің атын жамылып, Ресей аумағында тығылып жүрген 1975 жылғы «Б» есімді азаматпен байланысқа шығатын тұлға Орал қаласына келіп, онымен хабарласуы мүмкін деген ақпарат түскен.

Барлық пойыз, Самара, Саратов және Орынбор бағытындағы автокөлік хабарламалары қатаң бақылауға алынып, облыс орталығы арнайы бөлініс күштерімен аса бекем қоршауға алынды. Көп ұзамай байланысшы іздеуде жүрген қылмыскермен байланысқа шыққан кезде оның мекенжайы анықталып, БҚО ІІД-нің қолға түсіру тобы Санкт-Петербург қаласына ұшып кетеді. Сол күні соңғы уақытта басқаның атын жамылып, құжатын қолданып жүрген қылмыскер ресейлік әріптестердің көмегімен Ресейдің солтүстік астанасында қолға түсіп, тергеу оқшаулағыышына орналастырылды.

Еске сала кетейік, ұсталған азамат 1994 жылы 30 қазан күні Орал қаласындағы Нариманов көшесінің бойында 1975 жылғы «Д» есімді азаматшаға қарақшылық шабуыл жасап, оның барлық алтын бұйымдарын жымқырып, онысымен қоймай, бірнеше пышақ жарақатын салып, тұншықтырып өлтірген.


Қазіргі таңда БҚО ІІД прокуратурамен бірлесе отырып, оны Қазақстанға экстрадициялау үшін Ресейге қажетті құжаттар мен материалдарды жіберді.

Аталған «Іздестіру» шарасы барысында сот үкімінен жалтарып жүрген 11  қылмыскер ұсталды