Жобалық менеджментті дамытуға арналған ұлттық конкурс басталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Конкурсты ҚР Ұлттық экономика министрлігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп ұйымдастыруда.

Биылғы жылы конкурстың ауқымы кеңейіп, енді оған мемлекеттік органдар ғана емес, квазимемлекеттік сектор субъектілері, үкіметтік емес ұйымдар, жоғары оқу орындары, шағын және орта бизнес субъектілері де қатыса алады. Конкурс келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

«Жылдың үздік жобасы»

«Жылдың үздік жобалық кеңсесі»

«Жылдың үздік жоба менеджері»

Сондай-ақ, келесідей арнайы номинациялар қарастырылған: «Үздік РМ-тренері», «Үздік гендерлік жоба», «Балаға мейірімді үздік жоба».

Байқау қорытындысында жобалық менеджменттің үздік тәжірибелерін қолдана отырып іске асырылып жатқан немесе іске асырылған үздік жобалар іріктеледі. Сонымен қатар, жобаларды барынша тиімді басқара алатын көшбасшылар – үздік жоба менеджерлерін де анықтау көзделген. Одан бөлек, негізгі номинациялардың бірі - «Жылдың үздік жобалық кеңсесі» бар, ол дұрыс құрылған ұйымдық құрылымды анықтау мақсатында жүргізіледі.

Аталған конкурстағы артықшылықтардың бірі – онлайн-форумның өткізілуі. Жеңімпаздар жобалық менеджмент бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, оның басты артықшылықтары туралы ойларын жеткізе алады.

Конкурсқа қатысуға өтінімді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сайтында https://www.apa.kz/ru/konkurs/ онлайн түрде беруге болады. Сондай-ақ, бұл сайтта қатысу ережелеріне, есептерді толтыру формаларына және басқа да қажетті ақпаратқа қатысты барлық толық ақпарат орналастырылған.

Ұйым атынан барлық үш негізгі және арнайы номинациялар бойынша өтінім беруге немесе бір номинация бойынша бірнеше өтінім беруге болады. Конкурстың форматы оны «Мемлекеттік органдар», «Бизнес», «Үкіметтік емес ұйымдар», «Квазимемлекеттік сектор», «ЖОО-ы» санаттары арасында жеке-жеке өткізуді көздейді. Мысалы, егер қатысушы «Мемлекеттік орган» санаты бойынша өтінім берсе, онда оның жобасы конкурсқа тек осы санат бойынша ғана қатысады.


Конкурста «Жылдың үздік жобасы», «Жылдың үздік жоба менеджері», «Жылдың үздік жобалық кеңсесі» номинациялары бойынша келесідей жүлделі орындар қарастырылған:

1-орын – кубок; 2-орын – сертификат; 3-орын – сертификат.

Конкурс келесі кезеңдерден тұрады:

1-кезең – 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін>өтінімдерді қабылдау

2-кезең – 2021 жылғы 15 қыркүйекке дейін> есептерді қабылдау

3-кезең – 20-30 қыркүйек аралығында> бағалаушылардың (асессорлардың) жеке бағалауы

4-кезең – 1-5 қазан аралығында> бағалаушылардың (асессорлардың) командалық бағалауы

5-кезең – 20-30 қазан аралығында> қатысушылармен виртуалды сұхбат

6-кезең – 1-15 қараша аралығында>финалистерді анықтау

Конкурстың финалистері қазылар алқасының отырысында анықталатын болады, оның құрамына 20-ға жуық адам кіреді, олардың 50% – Президент Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Ұлттық жобалық кеңсенің өкілдері. Қалған жартысын жобалық қауымдастықтың өкілдері құрайды.