ҰБТ-дан жоғары балл жинап, бірақ мемлекеттік білім грантына ие бола алмаған талапкерлер ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа бермек, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы Власть мәлімдеді.
Заңгер Халида Әжіғұлова талапкерлерге сотқа дейінгі талап-арыздармен көмектесуге, олардың мүдделерін сотта қорғауға және қажет болған жағдайда БҰҰ-ның балалар құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінуге дайын екенін айтты.
"Қазір маған жоғары балл жинаған, бірақ апаттан зардап шеккендерге арналған жаңа квотаға байланысты грант ала алмаған 20-дан астам талапкер хабарласты, барлығы сот процесіне қосылғысы келеді. Бірнеше талап қоюшы бір жауапкерге бірдей талап қоя алады. Алайда тіпті бір өтініш берушінің өзі де министрліктің жаңа квота енгізу туралы бұйрығына шағымдану үшін сотқа өз бетінше шағымдануға құқылы", – деді заңгер.
Оның айтуынша, қазір ол талапкерлермен бірге министрліктің қолданыстағы заңнаманы, оның ішінде мемлекеттік білім гранттарын тағайындау және балаларды кемсітушіліктен қорғау туралы бұйрықтарды бұзған жағдайларын анықтауда.
"Біз министрліктің қандай оймен осы жаңа квотаны енгізіп, оның көлемін айтарлықтай жоғары деңгейде – барлық гранттардың 20%-ын белгілеу туралы шешім қабылдағанын түсіне алмаймыз. Неліктен 20%? Бұл көрсеткіш нақты қайдан пайда болды? Қандай есеп бойынша? Неге 10% емес? Неге 5% емес? Мысалы, жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға жыл сайынғы квота небәрі 1%, көпбалалы отбасы балаларына 5% тең”, – дейді заңгер.
Халида Әжіғұлова егер министрліктің заңды бұзғаны дәлелденсе сотқа шағымданатынын, қажет болған жағдайда конституциялық сотқа жүгінетінін атап өтті.
Оның айтуынша, егер қазақстандық соттар талапкерлердің құқығын қорғамаса балалар мен олардың ата-аналары өз құқықтарын кемсітушіліктен қорғау үшін БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінуге құқылы.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары ұпай алып, бірақ грант бұйырмаған талапкерлердің жағдайын түсіндірген еді.
«Жоғары балл жинаған, бірақ грант алмаған талапкерлердің 70 пайызы мемлекет үшін басымдыққа ие емес мамандықтарға құжат тапсырғандар. Бұл өте маңызды. Себебі мемлекет қажетті мамандықтарға басымдық береді», - деді Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда гранттардың басым бөлігі инженерлік, педагогикалық және IT мамандықтарына бөлінген. Ал биылдан бастап елдегі орын алған су, орман, жылу саласындағы жағдайға байланысты жылу энергетикасы, гидрогеология, ветеринария, ауыл шаруашылығы сияқты мамандықтарға қосымша үлкен грант бөлінді.