Жоғарғы лиганың «А» тобында Шымкент пен Алматы волейболшылары ел чемпионатында көш бастап келе жатыр

Алғашқы турдағы есесін қайтарған шымкенттіктер («Динамо-Қазығұрт») оларды қуып жетіп қана қоймай, ұпай коэффициентімен басып озды. Қазір екі команданың да қоржынында 38 ұпай бар. 2 турда да оларға есе жіберген өскемендіктер «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс-2» 30 ұпаймен үздік үштікті түйіндеуде. Одан кейінгі орындарды 23 ұпаймен «Ертіс АҚ АО» (Павлодар), 11 ұпаймен Есіл-Виктория» (Қызылжар), 10 ұпаймен «Семей», 9 ұпаймен «ВСМК АрселорМиттал» (Теміртау) мен «Жайық-Конденсат» (Орал) өзара бөлісуде.

Бұл турда шымкенттікте мүмкін болған ең жоғарғы 21 ұпайға толық ие болды. Оларға 3 ұпай беріп қойған алматылықтар қоржынына -18, ал өскемендіктер - 15, павлодарлықтар - 12, теміртаулықтар - 9, қызылжарлықтар - 4, семейліктер - 3, оралдықтар - 2 ұпай қосты. Ел чемпионаты енді 19-27 ақпанда Қызылжарда өз жалғасын таппақ.