Бұл құжат "судъялардың осы санаттағы азаматтық істерді қарау барысында заңды бірдей қолдануын қамтамасыз ету" үшін әзірленді, деп хабарлады Жоғарғы соттың бүгінгі жалпы отырысында судъя Владимир Борисов.
"Мұндай істерді шешу барысында судъялар әртүрлі жағдайларға кездеседі, атап айтқанда әкімшілік өкілдері төленген өтемақы көлемімен келіспеген күнде де меншік иелерін көшіру, жаңа құрылысқа арналған жер телімдерін тазарту мақсатында әртүрлі қитұрқылықтарға барады. Өз кезегінде кейбір меншік иелері әбден тозығы жеткен үйі үшін сәулетті тұрғын үйдің бағасынан бірнеше есе асып түсетін өтемақы талап ететін жағдай да бар", - деді В. Борисов.
Құжаттың әзірленген жобасында жоғарыда көрсетілген құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша тек атқарушы органдардың ғана және тек заңда көрсетілген негіздер бойынша ғана шағымдана алатындығы көрсетілген, деп атап өтті ол. "Ешқандай ұйым, соның ішінде коммерциялық құрылыс салушылар мемлекеттік қажеттілікке деп жер телімдерін тәркілеуді талап етуге құқылы емес",- деп түсіндірді ЖС судъясы. Оның сөзіне сүйенсек, жобада сондай-ақ меншік иесіне тұрғын үй берілместен бұрын немесе ақшалай өтемақы төленбестен бұрын оны көшіруге немесе оның үйін бұзуға жол берілмейді.
В. Борисовтың айтуынша, қаулының жобасында көрсетілгеніндей, "жер телімінің кадастрлық және нормативтік құнын қолдануға болмайды, өйткені олар жер телімінің нарықтық құнын айқындау талаптарына сай келмейді". "Соттар тәркіленетін жер телімінің өтемеақысының мөлшері туралы мәселелерді қарастыра отырып, жер телімі мен ондағы жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағасын, сонымен қатар тәркілеу барысындағы меншік иесіне келген барлық шығындарды ескеруі қажет",- дейді құжатты әзірлеушілер.
Сонымен қатар, Әділет министрлігінің "мемлекеттік қажеттілікке деп тәркіленген мүлік пен жер телімдерін бағалаудың бірыңғай әдістемесін" әлі анықтаған жоқ, бұл өз кезегінде "ақшалай өтемақы мөлшерін анықтауда қиындықтар туғызады", деп атап өтті В. Борисов.
Отырысқа қатысып отырған әділет министрі Зағипа Балиеваның сөзіне сүйенсек, ол басқаратын мекеме қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікті бағалаудың бірыңғай әдістемесін құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. "Біз қазір басқа да мемлекеттік органдармен, соның ішінде прокуратурамен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сіздердің мүлікті бағалу істері бойынша жиналған тәжірибелеріңізге де жүгінеміз", - деді ол.
Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Мұсабек Әлімсбеков өз кезегінде, мұндай әдістеме қабылданбастан бұрын қаулы судъяларға " құрылтайшысы мемлекет болып табылатын сарапшы ұйымдардың" бағасына
Бағынуды міндеттейді деді. "Біз шындыққа сай ең тиімді баға - бұл қазіргі сарапшы ұйымдардың, көбінесе әділет министрлігінің жанындағы сарапшы ұйымдардың анықтайтын бағасы екендігін білеміз. Олар жер нарығындағы сұраныстарды да, ұсыныстарды да , жер телімдерінің маңызын да, бұзылатын үйдің бағасын да толық ескереді",- деді ол.
Астана қалалық сотының судъясы Гүлнұр Кенжебаева соттар үшін қаладағы тұрғын үйлерге қатысты ақпараттық мәліметтердің үлкен көмегі бар екенін айтты. "Бұл біздің осы мәліметтер негізінде екінші нарық пен жаңа үйлердегі шаршы метрдің нақты құнын бағамдай алуымыз үшін қажет", - деді ол. Судъяның ақпараттарына сүйенсек, Астана қалалық сотына 2002 жылдан бастап осы уақытқа дейін мемлекеттік қажеттілікке деп жер телімдерін тәркілеу мәселелері бойынша азаматтардан 3 мыңдай шағым түскен. "Осы қаралған барлық істерден тек 11 шағымданушы ғана бұзылатын үйінің орнына тұрғын үй алуға келіскен, ал қалғандары тек ақшалай өтемақы төлеуді талап етіп отыр", - деді қалалық соттың судъясы.
Жоғарғы соттың қаулысының жобасы айтылған ескертулерді ескере отырып, он күнге жетілдіруге жіберілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті