Есеп комитеті жүргізген аудит кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігінен 1,8 млрд. теңгеге қаржылық заң бұзушылықтарды тапты. Бұл туралы бүгін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аудит кезінде 1 миллиард 845 миллион теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары анықталды. Бақылау кезінде 918 миллион теңге қайтарылды. Олардың ішінде 815 миллион теңгесі екі жоғары оқу орынның балансында тұрған жер учаскелерін қайта бағалау кезінде қалпына келтірілген. Бухгалтерлік есеп кезінде атқарылған жұмыстарды қайта қарау барысында 102 миллион теңге қалпына келтірілді. Сонымен қатар мемлекеттің пайдасына 252,8 миллион теңге өндіріліп алынды», - деп атап өтті С.Құлмағанбетов 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР Білім және ғылым министрлігінде жасалған аудиттің қорытындыларын жария ету кезінде.
Оның сөзіне қарағанда, аудит барысында 12 миллиард 510 миллион теңгеге 119 процедуралық бұзушылықтар қалпына келтірілген. Тиімді емес пайдаланылған қаражаттың көлемі 7 миллиард 49 миллион теңгені құрады.