Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталына Ернар Айдардың директоры Жәзира Еркін хабарлады. Оның айтуынша, көлікте үш адам болыпты. Олар - Ернардың өзі, ағасы Талғат және жүргізуші.
"Ернардың омыртқасы үш жерден сынған. Ағасы қабырғасын сындырып алды. Ал көлік жүргізушісі жеңіл жараланған. Қазір Ернардың ағасының жағдайы бірқалыпты. Інісі екеуі Алматыда бір ауруханада жатыр" дейді Жазира Еркін.
Алайда директор олардың қай ауруханада екенін айтудан бас тартты. "Ақпаратты тек мен арқылы аласыздар. Өздерінен сұхбат алуға әлі ерте" деді ол.
Жазира Еркіннің айтуынша, осы сәуір айына Ернар Айдардың бірнеше концерті жоспарланған екен. Енді олардың бәрін басқа айға шегеруге тура келіп тұр. Өйткені әнші алдымен аяққа тұруы керек. Бірақ оның әлі де біраз жатып емделетін түрі бар.
Естеріңізге салсақ, Ернар Айдар сәуірдің 11-інен 12-сіне қараған түні жол апатына ұшыраған еді. Оқиға Шымкент-Алматы тас жолының бойында, Жамбыл облысындағы Луговой ауылының тұсында болған. Әншінің директорының айтуынша, жүргізуші қатты жауын-шашын салдарынан көлік тізгініне ие бола алмай қалыпты.