Есеп комитетіндегілердің атап көрсеткеніндей, халықаралық және республикалық маңызы бар 16487 шақырым автожолдарды салу, сауықтыру және жөндеуге бағытталған бағдарламаның басты мақсатына қол жеткізілмеген. Комитеттің бағалауынша, "бағдарламаны жүзеге асыру мерзімі аяқталатын сәтте 2141 шақырымдық автожол жұмыстары аяқсыз қалмақ". "Жалпы алғанда бағдарламаны жүзеге асыруды басқару жұмыстары тиісті деңгейде атқарылмай отыр",- дейді комитеттегілер.
Сондай-ақ, Есеп комитеті ҚР көлік және коммуникация министрлігінің көлік инфрақұрылымын дамыту комитетіне Алматы-Астана бағытындағы автожол торабын жаңартуға арнап бөлінген республикалық бюджет қаржысы мен шетелдік несиелердің пайдаланылу жағдайына тексеру жүргізді. "Бақылау шарасының нәтижесінде жол саласын институционалдық дамыту, заңнамалық-нормативтік базаны жетілдіру және жол қауіпсіздігін жақсарту мақсаттарына арналған қаржының жол салуға жұмсалып кеткені анықталды",- делінген хабарламада. "Бұл отандық жол саласын зерттеу институтын дамытуға кері әсерін тигізді",- делінген құжатта. Сондай-ақ, есеп комитетінің мәліметі бойынша, "автожолдарды қалпына келтіру жобаларына мемлекеттік сараптама жасалмаған; жол тарту жөніндегі келісім-шарттарының аяқталу мерзімін бірнеше мәрте ұзарту шығындардың артуына алып келу салдарынан қаржы тиімсіз пайдаланылды".
Осыған байланысты үкіметке автожолдарды пайдалану барысында жүк таситын автокөліктер мен автобус қожайындарынан алымдар алу есебінен шығындардың орнын толтыру тетіктерін жобалауға нұсқау берілді. ҚР көлік және коммуникация министрлігіне республикалық бюджет пен шетелдік несие қаржысын тиімсіз пайдалануға немесе олардың мүлдем игерілмей қалуына жол берген лауазым иелерін жауапкершілікке тарту тапсырылды. ҚР қаржы министрлігіне халықаралық келісім-шарттары бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімін ұзарту регламентін бұзу оқиғасына жол берілгені көрсетіліп, халықаралық қорлар мен комитет тарапынан қаржыландырылып отырған келісім-шарттарының құнын бір жақты арттыруға және осындай шарттар бойынша негізсіз төлемдер жасауға жол бермеуге тапсырма берілді. Сонымен бірге халықаралық келісім-шарттар жүзеге асырылғаннан кейін қолда қалған активтерді дер кезінде сатуға шаралар қолдану тапсырылды. Бағалау қорытындысын талқылау нәтижесінде Есеп комитеті талдамалық құжатты тиісті шараларды қарастыру үшін үкімет пен орталық атқарушы органдарға жолдау туралы шешім қабылдады.