«Жолаушылар тасымалы» компаниясының шығыны 9 есеге артты - Есеп комитеті

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның материалдық-шаруашылық қызметінің 2014-2015 жылғы қорытындысына қарайтын болсақ, компания шығын көріп отыр. Жолаушылар вагондарын жөндеуге кететін шығынның артуынан және 2015 жылы жолаушылар санының аз болуынан 2015 жылы шығын 2014 жылмен салыстырғанда 9 есеге артып, 9 млрд теңгеге жеткен», - деді Александр Горяинов.

Оның айтуынша, жолаушылардың шығындары мемлекет тарапынан субсидияланатындықтан, компания жолаушылардың қатынауына қатысты жұмыстарды сапалы ұйымдастыруға ынталы емес. Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдау кезінде кететін шығындарды анықтаудың нақты әдістемесі жоқ. Соның кесірінен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на 112,8 миллион теңге артық қаражат аударылып кеткен.

Сонымен қатар Есеп комитетінің мүшесінің айтуынша, «Жолаушылар вагондарының лизингтік компаниясы» АҚ-ның жалға берілетін вагондарының сомасына 17,5 млрд теңгеге сатып алынған жаңа вагондардың сомасы енгізіліп кеткен. Сол себепті жалдауға кететін сома деңгейі екі есе артып отыр», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге ҚР ИДМ Көлік комитеті мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ арасында жолаушылар шығынын субсидиялау туралы келісімшарт та қажетті деңгейде жасалмаған.


Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Қамалиев аталмыш олқылықтар жою үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын мәлім етті.

«Айта кеткім келеді, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, біз шығынды субсидиялаудан шығып, тасымалдаушылардың шығындарды мемлекетпен реттелген субсидиялауға көшеміз. Атап айтқанда: магистралды теміржол желілерінің қызметі, локмотив және вагондарын жалдау мақсаттарына жұмсалатын шығындар. Бұл ашықтық әкеледі, сонымен қатар тасымалдаушылардың шығындарын қысқартады. Түпкі мақсат - тасымалдаудан түсетін кірісті өсіру. Қазір «Жолаушылар тасымалы» компаниясында шығындар көп. Оны азайту бойынша жұмысты белсенді қолға алу керек. Оның өз себептері де бар», - деді Б.Қамалиев.