Жолбарыс пен атақты балуан Қажымұқанның немересінің концертін бар қазақ көруге тиіс

Жанды дауысқа зәру тыңдармандар Бақытжанның рояльде орындаған жаңа әндерін, Жолбарыстың жүрегінде ерекше орын алатын әндерін тыңдап риза болды десек қателеспейміз.

Концерт бастала салысымен "асаба", қазақ эстрадасы жұлдыздарының "өкіл әкесі" Нұрлан Абдуллин алдыңғы қатарда отырған ақ жаулықты әжеден бата сұрады. Микрофонды қолына алған қария бар дауысымен батасын айта жөнеліп, бір сәт жаңылып қалып, қасында сорайып тұрған Нұрланға жалтақтай беріп еді, әнші өзіне ғана тән қағытпа қалжыңдарымен жиналғандарды ду күлдірді. 

Ән кешінде Бақытжан Қажымұқанов тыңдармандарды  алдыңғы қатарда отырған анасымен  таныстырды. Ұлының өнерін тамашалауға келіп отырған анасы көңілі босап, жұрт алдына шығып басын иіп, сәлем берді. Айта кету керек,  Бақытжан - қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасовтың кенже ұлынан тараған туған немересі. 

Сондай-ақ сахналық әріптестеріне қолдау көрсетіп, Нұрлан Абдуллин,

Бейбіт Құшқалиев,

Медеу Арынбаев та бір-бір ең мықты әндерін шырқап,

талантты музыкант Ренат Гайсин өз аспабымен сүйемелдеп,  кештің реңкін жұлдызды шашуға айналдырды. 

Концерт,  екі дос - Жолбарыс пен Бақытжанның көп жылдан бері аңсап жүрген дүниесі екен. Әнші достар жұрт алдында ағынан жарылып, жүректерінің түбінде жатқан сырларын да ақтарып салды. Бұл да бір иісі қазақ әншілеріне тән қасиет болса керек. Жүрекжарды, әсерлі, толқи отырып айтылған сөздер сахнадан бір ерекше рухани күш таратып, тыңдарманға өз әсерін берді.


Сазды кешке жиналғандарды бір толқытып өткен дүние - Бақытжан қаза тапқан әкесінің рухына бағыштап жазған әні мен

Жолбарыстың мұңды дауысымен шырғалған о дүниелік болған ағасы Шәймерден арнап жазған әні болды. 

Талай концерттерге барып жүрген өз басым осы кеште қатты әсер алғаным соншалық, бір күліп, бір сәтте көз жасымды сығып ап, ерекше бір рухани әсерде болдым. Кеш соңында жұрт тіпті залдан шыққысы келмей, сахна жаққа телміріп, әншілердің қолынан қысып, ал үлкен жастағылар батасын беріп жатты. Жанды дауысқа сусап қалған тыңдарманның бір сәтке болса да құлақтарының құрышы қанған шығар-ақ. Рояль, скрипка, барабан, гитара, кларнет, саксафон, флейта...

Айтпақшы, концерт бір сарынмен өтті деуге ауыз бармайтын тағы бір дүние - Қытайдан келген жас, қазақ әншісі айдай арудың  әні. Аппақ матадан тігілген көйлектегі сұлу қыздың есімі әзірге құпия. 

Концерттің толық нұсқасын 1-мамырда сағат 16:00-де КТК телеарнасынан тамашалай аласыздар.