Бүгін Астанада үкімет жиынында сөйлеген білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстанда биыл жоғары оқу орнына түсуге қажетті кешенді тест (КТ) тапсырған 50416 талапкердің 21076-сы (42 пайыз) ғана 50-ден жоғары балл жинағанын айтты. Оның сөзінше, кешенді тестілеуді тапсыруға әуел баста 54649 адам өтініш білдірген.
Министр сонымен қатар ҰБТ-ның қорытындысы туралы да баяндады. Оның сөзінше, биыл ҰБТ-ны өтініш білдірген 92827 түлектің 88595-сі (95,5 пайыз) тапсырып, оның 74517-сі оқуға тапсыруға жететін 50 балды жинаған.
Тест тапсырған түлектердің 15,8 пайызы - 14066 адам 50-ден төмен балл алған.
Биылдан бастап енгізілген жаңа ереже бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуден 50-ден төмен балл алған талапкерлер тамыздың 19-24 аралығында екінші рет тест тапсырады. Бұдан да өте алмаған талапкерлер жоғары оқу орнында ақылы түрде бір семестр оқып, тағы да тест тапсыра алады.