Жосалы кентінде «Қазіргі заманғы кітапхананы басқару»тақырыбы бойынша семинар болып өтті - Қызылорда облысы

Кенттегі №250 орта мектепте өткен семинар-көрмені облыстық білім басқармасының бастығы Жаңыл Жонтаева ашып, жиналғандарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Оның баяндауынша, тамыз айының соңғы күндерінде алдын ала жасалған келесім-шарттардың негізінде облысқа баспалардан 171 мың дана оқулықтар жеткізілген. Олар алыс ауылдардағы мектептерге таратылатын болады. Сонымен бірге олар тұрмысы төмен отбасылардың балаларына тегін беріледі.

Семинар өзара пікір алмасу сипатында өтті. Айтлық, «Еңбекке баулу» атты оқулықтың авторы Борис Қалназаров керекті құрал-жабдықтарды тауып беруден қашқан кейбір мектеп директорларының шеберханаларды жауып тастағанын сынға алса, «Арман-ПВ» баспасының бас редакторы Гүлмира Үсенова мектепке дейінгі тәрбие орталықтары мен балабақшадағы сәбилерге ұлттық негіздегі тағылымдарды дарытуға арналған «Қарлығаш» бағдарламасымен таныстырды.