Ж.Самраттың «Абылайдың ақ үйі» зеттеу кітабы оқырмандарға жол тартты

Автор қазіргі Петропавл қаласының аумағында Абылайдың үйі болғанын, ол үй өртеніп кеткен соң орнына салынған ғимаратты халық «Абылайдың ақ үйі» атап кеткенін дәлелдеп шыққан. Бүгінгі таңда ол «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде қалпына келтірілді. Сонымен бірге еңбекте Абылай ханның қазақ ұлтының сақталып қалуындағы теңдессіз еңбегі, Петропавл қаласының салынуы мен өсуіндегі қазақтар үлесінің көптігі түрлі дәйектермен өрнектелген.

Еңбектің екінші бөлімінде қазіргі Қызылжар шаһары тұрған аумақты қазақтардың ежелден қоныстанғаны, қаланың салынуына, өсіп-өркендеуіне олардың тікелей қатысқаны тарихи деректерге сүйене отырып баяндалған. Шын мәнінде Қызылжар өңірін ерте заманнан бері қазіргі қазақтардың арғы ата-бабалары қоныстанып келген. Соның ішінде біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ-ІҮ ғасырларда Сібір мен Солтүстік Қазақстанда сақ-скиф және сармат тайпаларының рулары ғұмыр кешкен. Бұл аймақта кейін орта жүз құрамына енетін арғындар, керейлер және басқа рулардың өкілдері тұрды.

Осы кітапқа алғысөз жазған танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған да өзінің ой-пікірімен бөліскен. Ғалымның пікірінше, қазіргі Қызылжар қаласы түскен Есілдің жағасындағы малға да, адамға да жайлы, әрі ықтасын, әрі оты мен суы мол өңірдің де бос жатпағаны белгілі. Осы жерге қорған салу үшін Ресей патшалығының әкімгерлері Абылайдың келісімін алғаны да анық сияқты.

«Шын мәнінде Транссібір теміржолының бойында орналасуының арқасында Петропавлға батыстан көшірілген өзге халық өкілдері көп қоныстандырылды. Олардың көбі бұл қаланың тарихын білмейді, тек ұлыорыстық көзқарас тұрғысынан жазылған ұшқары еңбектермен ғана таныс болуы мүмкін. Сондықтан олардың арасында Петропавлды орыс қаласы деушілер көп. Қаланың қазақы «Қызылжар» атауын алуына да сондай көзқарастағылар қарсы шығуда. Ал мәселенің шынына келетін болсақ, Иудеядан шыққан Петр мен Павел сияқты апостолдардың славяндарға, соның ішінде орыстарға да еш қатысы жоқ. Петрдің өзі Айса пайғамбардан бас тартқаны да белгілі. Ендеше кейбір орыс жерлестеріміздің жергілікті тарихқа, геосаясатқа еш қатысы жоқ Петр мен Павел (шын есімі Савел) есімдеріне байланып қалулары да дұрыс емес», - дейді профессор Бүркітбай Аяған.

2008 жылғы 21 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қызылжарға барған сапарында Абылайдың Ақ үйін салтанатты жағдайда ашып, солтүстікқазақстандықтар алдында сөз сөйледі. Елбасы Абылай ханның қазақ тарихындағы айрықша рөлі туралы айта келіп, мұндай тарихи орындардың жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулу үшін маңызы зор екенін мәлім етті.


«Әрбір халықта есімі ешқашан ұмытылмайтын дара да дана тұлғалар болады. Біздің қазақ халқы үшін Абылай сондай есім. Ол әрі дана қолбасшы, әрі батыр, әрі үлкен өнер иесі, әрі ғажап дипломат болған жан. Абылайдың елге сіңірген еңбегін жоғары бағалаған ақындар мен жыраулар оның есімін ғасырлар бойы айбынды сүреңмен еске алып, халықтың рухын көтеретін жалынды ұранға айналдырып жіберді»,- деді ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Тек қаңқасы қалған, жер бетінен жойылып кете жаздаған Абылайдың Ақ үйін қайтадан жаңартып, қалыпқа келтіруде бірқатар азаматтар еңбек сіңірген. Соның ішінде осы жұмысты атқаруда белсенділік танытқан Қызылжардың байырғы тұрғыны, ұлтжанды азамат Кенжебек Әбішевтің, сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұровтың, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Есімхановтың және облыстық, республикалық басылымдарда бастама көтерген журналист-жазушы Жақсыбай Самраттың есімдерін жерлестері құрмет тұтады.

«Кеңестік тарихшылар колониалистік өкіметтің іс-қағаздарындағы жазба-сызбаларға, сонымен бірге дүниенің бәрін патша әкімшілігінің мүддесінен бағалап, соның көзімен барлап кеткен «арнайы» ғалымдар мен тыңшы, жансыздардың жазбаларына ғана сүйенетін. Қазақ тарихшыларының ауызша айтылған немесе араб графикасымен жазылған деректері көбінесе көзге де ілінген жоқ. Сондықтан кеңестік қазақ тарихы барынша бұрмаланған, бір жақты болатын», - дейді кітап авторы Жақсыбай Самрат.

Кітап Елордадағы «Астана полиграфия» баспасынан жарық көрген. Көлемі 10 баспа табақ, таралымы екі мың дана.