Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Әншінің жеке өміріне қатысты дерекпен продюсер Серік Абас шах бөлісті.
"Анам Сындар 39 жасында қайтыс болды. Кеңшарда сауыншы болып жұмыс істеген аяулы анамның ән салғанын бір-ақ мәрте естіппін. Сол дауыс мәңгілікке құлағымда қалып қойды. Бәлкім, анама деген ыстық сағынышым, іштегі мұңым, шерім болар, анамды ойласам, сол ән салған сәті көз алдыма келеді. Жағымды үні құлағыма естіледі. Әншілік жолды таңдауыма осы жайт та көп әсер етті ғой деймін.
Экраннан көрінбей, елдің назарынан тыс қалып жатқаныма жүрегім ауырады. Бір-екі мәрте ізденіп көрдім. “Кейінірек хабарласыңыз” деген сыңайдағы жауаптардан кейін жүрегім шайлығып қалды.
“Адамның өзі қартайса да, көңілі қартаймайды” деген сөздің неге айтылғанын енді түсініп жүрмін. Алайда өзімді сахнадан кететін жасқа жеттім деп ойламаймын, керісінше, нағыз өнерімді паш етер шағым туды деп есептеймін.
Үйде қарап отырмаймын. Ел ішіне гастрольдік сапарға шығып, жеке концерттерімді өткіземін. Біраз жыл бұрын Қытайдың кей қалаларын аралап шықтым. Арасында той-томалаққа барып тұрамын. Халқымыз аман болса, жағдайымыз жаман болмас.
Жұбайым басқа ұлттан (славян халқынан). Әкем басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шыққаныма қатты қарсы болды. 5 жыл бойы бір-бірімізді көрмедік. Ол кісі мүлдем хабарласпады. Жалғыз енем болды. Маған картоп тазалатып, тамақ істетпейтін. Күйеуім де өзіме өте жайлы болды.
Байыр деген бір ұлым бар, ол - мұсылман. Жолдасым балаға өз тегіңді бер деді (сосын Байыр Сиқымбаев болып жазылды). Бірақ баламды сүндетке отырғызғанда күйеуім қатты ренжіген еді (“Жаратушы бір. Баланы неге қинадың?” деп). Сол ұлымнан немере сүйіп отырмын
Бiз сахнаға әдемi киiнiп, жайнап шыққанымызбен медальдың арғы бетi бар. Денсаулыққа зиянды жағы толып жатыр. Жүйке мен жүрекке аз салмақ түспейдi. Уайым, күйзелiс, шығармашылық тоқырау, басқа да жәйттер жүрегiңдi ауыртпай қоймайды.
“Күнiне тоқсан пәле көрсең-дағы, күдер үзбе жаратқан бiр Алладан“ деген ғой. Қанға бiткен қасиет пе, бәлкiм, намысқойлық шығар, қиналғанымды тiрi жанға сездiргiм келмейдi", - деп жазды ол.