Жұлдыз Әбдікәрімова: Көкіректері жер бетіне сыймаған жандар қабірге түскенде қайтер екен

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Әбдікәрімова кезекті жазбасында көкіректері жер бетіне сыймаған жандар туралы жазды.

"Пенде мұрнын көкке көтерген сайын, жүректен алыстайды екен. Мұрынмен бірге көкке жүрек емес кеуде көтеріледі. Оның аты - көкірек. Қазақ мұны “Кеудесіне нан піскен” дейді.

Меніңше, Алла берген мінездің бәрі көркем. Тек адам оны қолданатын ретін шатастырып алып жатады. Мысалы, өзін-өзі жақсы көру - дұрыс, ал өзін ғана ойлау - эгоизм. Мейірімділік жақсы, ал көзсіз мейірімді болу - өзін құрбан ету. Көкірек те сол сияқты, өзге жаншып тастамас үшін, өзімізді қорғау үшін берілгендей. Мұны да қазақ бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген: “Еңкейгенге еңкей, атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес”.

Көкіректері жер бетіне сыймаған жандарды көргенде, жердің астына барғанда, қуықтай ғана қабірге түскенде қайтер екен деп ойлаймын... Адамзаттың бәрі көкірегін көрсете алады. Әйтсе де, көрсете аламын деп, кербеңдей берсек, адамдығымыздан не қалмақ... Үндемей қалғанның бәрі жуас, айқайлағанның бәрі азулы емес. Кейде ақылды болудың өзі - үндемей қалу сияқты", - деп жазды ол.