Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Бұл күні Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен қан майданға аттанған 1,5 миллион азаматтың жанкештілік ерлігін, олардың тең жартысының қайтып оралмағандығын еске алып, аза тұтамыз.
Ұлы Отан соғысы емес!
Біріншіден, бұл соғысты бастаған қазақ емес. Қазақстан Ресейге бағынышты ел ретінде ол соғысқа қосылуға мәжбүр болды. Майданға кеткен ерлерімізбен қоса қазақ барын берді. Әрбір екінші оқ қазақтың қорғасынынан құйылды, әрбір үшінші танк қазақтың темірі мен шойынынан жасалды, ет, бидай, күріш, жүн, көптеген басқа да маңызды өнімдер зор көлемде Қазақстаннан жөнелтіліп отырды.
Соғыстың қасыретін елдегі әр отбасы сезді. Сол сұрапыл жылдарда отының басында бала-шағамен қалған әр ана батыр еді.
Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айша” кітабында Айшаның көрген қиындығын білесіздер. Таң сәріден қара кешке дейін колхоздың жұмысына жегіліп, қара түнде балаларына берер ас таппай жаны қиналғанда, қақаған қыста пешке салар отын таппай Мұртазадан қалған жалғыз мұра киіз үйдің шаңырағын балтамен шапқанда, 11 жасар ұлын безкек шалып, қол-аяғы қалтырап қиналғанда 1 кесе ыстық сорпа бере алмағанда, қара күзде үйіне жете алмай үш бүлдіршінімен арба үстінде түнегенде мың өліп, мың тірілмеді ме? Өлмеді. Өлтірмеді. Түтінді сөндірмеді. Мен үшін соғыс жылдарындағы әр ана батыр", - деп жазды актриса.