Жұмбақ жағдайда қаза тапқан кәсіпкердің ата-анасы аштық жариялады

Қайғылы оқиға былтыр күзде болған. Белгілі кәсіпкер Григорий Тарасов демалыс базаларының біріндегі моншада қаза тауыпты. Досымен бірге шомылып жатқан кезде жылу қазаны жарылып кеткен. Жалғыз ұлдарынан айырылған Тарасовтар әуелде оның жазатайым жан тапсырғанына сеніпті. Кейін том-том болып жазылған істі оқып отырып дәйектер мен дәлелдердің қисыны жоқтығына көз жеткізген.

Владимир Тарасов, марқұмның әкесі:

-Біз Бас прокуратураға өтініш жаздық. Ішкі істер министрлігіне де. Ұлымыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалсын дедік. Қылмысқа қатысы бар дегендерді қамауға алуын сұрадық. Алайда осы күнге дейін олар әрекетсіз отыр.

Жедел тергеу тобы қайта құрылып, оқиға бүге-шүгесіне дейін тексерілген. Алайда бұл жолы да тергеушілер кісінің қасақана өлтірілгенін жоққа шығарған. 39 жасында көз жұмған ұлдарының қазасынан қара жамылған ерлі-зайыптының енді аштық жариялаудан басқа амалы қалмапты.


Валентина Тарасова, марқұмның анасы:

-Біздің талаптарымыз орындалмайынша нәр татпаймыз. Заң бойынша қылмыскер қамауға алынсын және ішкі істер министрлігінен жедел тергеу тобын жіберсін. Біз мұндағыларға сенбейміз.

Қолдарына плакат алып, шарасыздықтан орталық алаңға шыққан марқұмның ата-анасын  полиция қызметкерлері тез арада қуып жібермек болды. Прокурорлар да жылдам жетіп келді.

 - Заң бойынша алаңа шығып аштық жариялауға болмайды. Барлығы заң аясында шешілуі керек.

- Десе де, қазір марқұм Григорий Тарасовтың ата-анасының талабы бойынша облыстық прокуратурада арнайы жедел тергеу тобы құрылыпты. Зейнеткерлердің Ішкі істер министрлігінен тексеру тобын жіберсін деген арызы да орындалды. Енді бұл істің мән-жайын Астанадан келген арнайы топ анықтауы тиіс.