Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Журналист көпке балаларды тым өбектемеуге шақырды.
Түскі ас кезінде балалармен әдеттегідей әңгіме-дүкен құрдық. 7 жасар ұлым әңгіме арасында маған: “Кейін ламборгини әперіңізші…” деп еді, анасы: “Неге әперуіміз керек? Озат оқып, еңбек етіп өзің ал…” деді. Мен де қостай кеттім…
Қазір ойлап отырсам, әкем кезінде бізге ананы, мынаны әперемін... Үй салып беремін… деп айтып көрмепті. Әкесі көлік әперген, үй әпергендерді естіп, көріп іштей қызығатын едік…
Бірақ сол тәрбиенің арқасында қалаға келіп, ата-анамыздан 1 теңге алмай ер жеттік. Шүкір, үйлі-баранды болып, күнімізді ел қатарлы көріп жатырмыз.
Біздің заманда қиындық көрген көп замандастарым, қазіргі уақытта “Мен көргенді бұлар көрмесін…” деп бар тапқан-таянғанын балаларының аузына тықпалайды. Жағдайы бар отбасын ғана айтпаймын. Жоғы да солай. Баланы тым өбектеп, тұрмыс-тіршілікке бейімдемей өсірген. Зияны кімге? Әлбетте - балаға.
Әйелдер де сол. Баласын мына тұрған дүкенге жұмсауға қорқады. Жұмыртқа басқан тауық сияқты жайлы, жылы ұядан шығармайды. Айналамен, ортамен түк коммуникация жоқ. Сөйтеміз де, “қазірлі ерлер ез…” деген әңгіме айтамыз…
“Балық берме, қармақ бер” деген қазақтың нақыл сөзі де осындайдан туса керек.