Жұмыс тобы Қазақстанда Атом электр станциясын салу жөніндегі ұсынысты үкіметке 2006-жылдың аяғына дейін енгізбекші

Қ.Қадіржанов премьер-министр Даниал Ахметовтың басқаруымен Қазақстанда ядролық энергетиканың негізін қалау, Атом электр станциясын салу мүмкіндіктерін зерттеу жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын еске салды.

“Мәселе жан-жақты қаралуда. Станцияның орналасатын жері мен қуатына қатысты мәселелер егжей-тегжейлі саралануда. Қазір Атом электр станциясын салудың үш үлгісі қаралып жатыр. Біріншісі – Ақтауда бұрынғы БН-350 реакторының орнына салу туралы ұсыныс. Екіншісі – Оңтүстік Қазақстан облысында салу. Республиканың оңтүстігінде энергетикалық проблемалар аса күрделі. Үшінші ұсыныс станцияны Курчатовта салу туралы”,- деді Қ.Қадіржанов.

Атом электр станциясының қуаты туралы сауалға жауап берген Қ.Қадіржановтың айтуынша, егер станция Ақтауда салынса, онда шамамен 250-300 мегаватт қуат өндіретін блок, ал Оңтүстік Қазақстан облысында 1 мың мегаватт, Курчатовта 300 мегаватт қуат өндіретін станция салу қажет.

“Егер Атом электр станциясы салынатын болса, мемлекет оның жалпы құнының 30-40 проценті көлемінде инвестиция бөлуі мүмкін. Қуаты 300 мегаватт болатын бір блоктың құны 0,8 млрд. долларға тең”. “Ол үшін инвесторлардлы іздеу керек. Әзірге бұл бағытта тіпті алдын-ала келіссөздер де жүргізілген жоқ”,- деді Қ.Қадіржанов.
Бұған дейін Атом электр станциясы үшін блок сатып алу туралы ұсыныс Қазақстанға Ресей, Жапония және АҚШ-тан келіп түсті.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Балхашта Атом электр станциясын салу туралы ұсынысты В.Школьник республиканың білім және ғылым министрі болып тұрған тұста, 1997-жылы жасаған. ҚР атом энергиясын таратпау жөніндегі институтының ғалымдары станция салатын жрді де тауып, іргетасы қалаған болатын. Алайда, электр станциясын салу жөніндегі жобаны тоқтатып қоюға байланысты құрылыс жұмыстары аяқсыз қалды.