Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдерге қатысты baq.kz редакциясының сауалына жауап берді.
Әлеуметтік төлем алу мерзімі қысқаруы мүмкін
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Үкімет жұмысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін әлеуметтік төлемді алу мерзімін қайта қарау мәселесін қарастырып жатыр.
Ұсынысқа сәйкес, төлемнің ең ұзақ мерзімін 4 ай деңгейінде белгілеу көзделіп отыр. Айта кету керек, 2005-2016 жылдар аралығында бұл мерзім де 4 ай болған. Ал қазір төлем 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімде төленіп келеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Әлеуметтік төлем - жұмыс іздеу кезеңінде азаматтың қаржылық тұрақтылығын сақтауға бағытталған уақытша қолдау тетігі.
Осы кезеңде мансап орталықтары жұмысқа орналастыру бойынша белсенді қолдау көрсетіп, азаматтарға өзекті бос жұмыс орындары мен жұмыспен қамту шараларын ұсынады, – делінген жауапта.