"Жұмысыңның бағаланғанын қалайсың": "Жаңбыр адамы" Алтай Айнабек "жоғалып кету" себебін айтты

"Жаңбыр адамы" деген лақап атпен танылып кеткен Алтай Айнабек арнайы қондырғының көмегімен Алматының лас ауасын тазартуға дайын екенін де айтқан. Алайда ол кейінгі бірнеше айда медиакеңістіктен көрінбей кетті. Instagram әлеуметтік желісінде 223 мың оқырманы бар өнертапқыштың жұртшылыққа сирек көріне бастауы да желі қолданушыларын алаңдатуда.

"Жаңбыр адамына әлдекімдердің қысым көрсеткені рас па?", "Жасанды жаңбыр жалғасын таба ма?" осы және өзге де сұрақтарды Caravan.kz медиа порталының тілшісі Алтай Айнабекке қойып көрді.

Алтай мырза, кейінгі 6-7 айда ақпарат алаңынан көрінбей кеттіңіз. Әлеуметтік желіде де белсенді емессіз. Сізге ықпалды азаматтар тарапынан шектеу қойылды деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты рас? Бұған дейінгі сұхбаттарыңыздың бірінде мемлекеттен қолдау таппасам, шетелге кетем деген едіңіз. Әлде осы айтқаныңыз келді ме?

- Жалпы қазіргі ақпараттың «шамадан тыс көп» жағдайында Нассим Талеб айтқандай, назар жетіспейтін адамдай бос, орынсыз шыға беру — эгоның шаруасы деп есептеймін.

Жобалар жағына келсек, қазір шет елдің үш мемлекетінде біздің жобаларымызға қатысты ғылыми және мемлекеттік жұмыс топтары құрылып, жол картасы аясында жұмыстар жүріп жатыр. Бұйырса, уақыты келгенде бөлісерміз.

Сізді “хайп үшін шықты”, “жалған желеумен подписчик жинап алды” деп сынады. Бұған не дейсіз?

- Мен осы жұмыстарымды кеңінен жария етпей тұрып, үш жыл бойы қызмет көрсеттім. «Қазгидромет» тіркеген жауын-шашын деңгейлері рекордтық болды. Осы Арал жобасын бастар алдында құзырлы органдарға және ел жанашырларына көптеген ресми хат жолдадым.

Сонда бір кісі мынадай ой айтқан еді: «Даже если вы будете писать письма кровью, это никому не интересно. Нужно правильно осветить». Яғни, сіз айтқандай, белгілі бір деңгейде «хайп» жасау қажет болды.

Нәтижесінде «план минимум» орындалды: біраз адам ел үшін стратегиялық маңызы бар су мен ауа мәселесін шешудің мұндай да жолы бар екенін түсіне бастағандай.

Осы уақыт аралығында сізді іздеген, алаңдаған адамдар көп болды. Неге үн қатпадыңыз? Сізге сенген жандармен байланысты үзіп алдым деп ойламайсыз ба?

- Мен блог жүргізбегендіктен, өмірімде болып жатқан әрбір мәселені жариялап отыруды құптамаймын. Біріншіден, денсаулығыма байланысты біраз қиындықтар болды. Оны қалай бөлісесің? Шүкір, қазір бәрі біртіндеп реттеліп келе жатқандай.

Одан бөлек, жаңа жобалар, алға қарай қозғалу мен дамуға қажетті қаржы табу, яғни жеке бизнестеріммен айналысу сияқты, жоғары деңгейдегі концентрацияны және кей кезеңдерде үнсіздікті талап ететіні белгілі.

Жалпы, «победителей не судят» дегендей, түптің-түбінде жоспарларымызды жүзеге асыра алсақ, подписчиктермен арадағы байланың да тігісі жатысып кетеді деп ойлаймын.

2024 жылы Аралға бірнеше рет жаңбыр жауып, өңір халқы өзіңізге риза болған еді. Бірақ Арал теңізін жаңбыр суы есебінен толтырам деген ісіңіз аяқсыз қалды. Қазір жасанды жаңбырға қатысты жұмысыңыз/ізденісіңіз қалай жүріп жатыр?

- Арал теңізі — Орталық Азия елдеріндегі су деңгейінің индикаторы. Яғни, су жыл санап азайып келеді. Бұл дәстүрлі технологиялар енді су тапшылығын толық өтей алмайтынын көрсететін белгі. Біз су саяси құралға айналып бара жатқан дәуірге аяқ бастық.

Жалпы қазіргі климаттық жағдайға қатысты екі негізгі көзқарас бар:

1. атмосфераның ластануынан туындаған парниктік әсер;
2. жер асты магмаларының жер бетіне жақындауы салдарынан Жер температурасының жоғарылауы.

Температура артқан сайын жауын-шашын мөлшері азаяды.

Бұлардан бөлек, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы да су тапшылығы проблемасын еселеп күшейтіп отыр. Мысалы, ЖИ-дегі бір сұранысқа жанама түрде шамамен 5 литр су жұмсалады екен. Өздеріңіз есептеп көріңіз: ары қарай геометриялық прогрессиямен алғанда, бұл су ресурстарының тез сарқылуына алып келеді деген сөз.

Өзіңіз туралы "Өзбекстанда жасанды жаңбыр жауғызып жатыр" деген ақпарат тарап еді. Ол қаншалықты рас?

- Өзбекстанның Гидромет қызметі 2025 жылы жүргізілген демонстрациялық жұмыстарымыздың нәтижесі бойынша ресми құжат арқылы технологияның климатқа әсері едәуір екенін растады.

Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағалығы 2027 жылы Өзбекстанға өтеді. Осыған байланысты қазіргі таңда Өзбекстанмен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз.

2024 жылдың қараша айында Алматыны 2025 жылдың көктеміне дейін түтіннен тазартамын деген едіңіз. Арада бір жарым жыл уақыт өтті. Нәтиже жоқ. Себебі неде?

- Жалпы «Қазгидромет» ұсынған ресми мәліметтерге сәйкес:

Соған қарамастан, мемлекеттік жүйе өз тәртібімен жұмыс істейді. Осы себепті қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен осы бағытты тереңірек зерттеу мақсатында жеке қаражатымыз есебінен бірлескен ғылыми зерттеу жүргізу туралы келісімшартқа қол қойдық. Зерттеу нәтижелері бойынша болашақта мемлекеттік қаржылық қолдауға жүйелі түрде шығудың жолы тек осы деп үкімет тарапынан белгіленіп отыр.

Өз елімде бағаланбай жатырмын деген өкінішіңіз жоқ па?

- Адам баласы болған соң, әркім өз еңбегінің бағаланғанын қалайды, және ол оған құқылы. Кез келген адамның өзін-өзі бағалауына ауыр тиетін нәрселердің бірі — еленбеу.